2020. november 29., vasárnap

Зауре Төрехан: Мөлдір күйекөбелек

Суретші: Корнел Раткай

Негізгі сөздер: дос, жүн, көбелек (barát, gyapjú, lepke)

Зәулім ғимараттары бой көтерген алып бір шаһарда жалғыз ғана ескі үй қалыпты. Үйдің қожайындары Қытымыр әжей мен Сараң ата еді. Қытымыр әже үйдің ауласында отырып, көрші-қолаң балаларға ұрысуды жақсы көретін. Ол тіпті жол-жөнекей өтіп бара жатқан адамдарға ескертпе жасаудан тайынбайтын. Ал Сараң ата өзінің ескі-құсқы заттарын ешқашан да тастамайды. Ол өзіне болашақта қажет болып қалуы мүмкін барлық заттарды үйдің шатырының астында сақтайды екен.
Ол үйдің шатырында аяғы сынық орындықтар, шынтақшасы тозған кресло, шаң-тозаң басқан кілем, жұмыс істемейтін радио қабылдағыштар, қорап пішінді теледидар, тот басқан үстел лампасы сияқты заттар жинаулы тұр еді. Ал шатырдың ең қараңғы бір бұрышында үлкен ағаш шифоньер тұрды. Бұрындары ол киім-кешек сақтайтын жаңа ағаш шкаф болатын, ал енді күйекөбелектер мен өрмекшілердің тұрғылықты мекеніне айналыпты.

Шифоньердің қарапайым бір тұрғыны Мөлдір есімді сүйкімді күйекөбелек еді. Мөлдірдің жолы болды, ол шифоньердің ортаңғы сөрелерінің бірінде дүниеге келгенді. Ол сөреде Қытымыр әженің жас кезінде қолданылған опа-далаптары, xош иісті әтірлері, жібек орамалдары мен інжу-маржандары сақталған болатын. Сол себептен ортаңғы сөре жұпар иістермен аңқитын.
Әр күн сайын Мөлдір ұйқыдан ояна сала жуынып, тазаланатын. Сөренің бір шетінде жатқан әдемі опа сауытындағы айнаға қарап, шаштарын тарақпен тарайтын және қанаттарына француз xош иісі бар опа жағатын. Онсыз сыртқа шықпайтын.
Өзін әбден ретке келтірен соң ғана өзінің ең жақын досымен кездесуге кафеге ұшып баратын. Құрбысы Нәйлә есімді күйекөбелек үнемі сол жерге барып, тәтті тағамдар мен кәмпиттерді жеуге құмар еді. Бұл күні де ешқандай өзгеріс болмады. Мөлдір өз құрбысын әдеттегі орнынан көріп, қасына жақындап келді.
– Молли, сәлем! Бүгін ерекше құлпырып тұрсын ғой! – деді Нәйлә досын көре сала.
– Сәлем, Нелли! Оның рас, бүгін өзімді жақсы сезініп тұрмын, – деп жауап берді Мөлдір.
– Кел қасыма отыр! Бүгін тәтті тоқаш, шоколадты печенье және қант себілген бәліш жейік, содан соң сүт қосылған шай ішейік, – деді Нәйлә.
– Жоқ, рақмет, Нелли! Одандағы мен таңғы асқа сұлы ботқасын, жаңа піскен қияр мен қызанақтан әзірленген грек салатын алып жейін. Ол ағзама пайдалы, әрі тістерім де сау болады. Сен де тәттіні қойып, құнарлы тағам жесеңші!
– Ой, Молли! Сен тіпті біздің Қытымыр әжемізден аумайтын болыпсың ғой өзі. Жас болған соң, денсаулығымыз да бар. Сондықтан тәтті өмірдің қызығын көру керек деп ойлаймын, – деді Нәйлә тәтті тоқаштан үлкен бір үзімді тістеп алып.
– Онда өзің біл, құрбым. Дұшпан күлдіртіп айтады, ал дос жылатып айтады дейді емес пе. Денсаулықты жастайынан күту керек. Ал дұрыс тамақтану денсаулық кепілі. Осылай тәттілерді жей берсең, тісіңнен-тіс қалмайды ғой, – деді Мөлдір, қиыс қабақ танытып.
Нәйля құрбысының бұл сөзін құлағына да ілген жоқ. Ол тәтті тоқашты бітіре сала қант қосылған бәлішке кіріскен болатын.
Күндердің бір күнінде Мөлдір әдеттегідей кафеге ұшып келсе, құрбысы бүгін тамақтануға келмегендігін көреді. Тәбеті зор, ас ішуден өмірі қалмайтын Нәйляға бірдеңе болғанын анық сезген Мөлдір құрбысының үйін іздеп барады.
Нәйля күйекөбелек шифоньердің жоғарғы сөресінде тұратын. Мөлдір аң терісінен тігілген бас киімдер ауданынан ұшып өтіп, жүн мойынорағыштар тас жолдарына тап болады. Ересектер өз шаруаларымен әрі-бері жүгіріп әлек, ал балалар жол бойында доп теуіп, ойнап жүргендіктен, жолдың бойы Мөлдірге тым тар көрінді. Ол топырлап жүгіріп жүрген жоғары сөре тұрғындарымен амандасып, Нәйляның қай үйде тұратынын сұраумен болды. Ақыры бойы ұзын бір күйекөбелек Мөлдірді тоқыма және тері қолғаптар сақтаулы тұрған үйлер жаққа беттеуге кеңес берді. Нәйляның үйі бесінші бұрылыстан соң қолғаптың шынашағында еді. Мөлдір үйдің есігін қағып еді, ешкім жауап қатқан жоқ. Үйдің терезесіне бір түйіршік тас лақтырып еді, онда да терезеге ешкім келмеді. Мөлдір енді бұрылып үйіне қайтайын дегенде, қолғаптың екінші қабатында орналасқан терезе ашылды. Терезеден бет-ауызы орамалмен байланған, шекесі ісініп, көздері қызарып кеткен Нәйля көрінді.
– Шәлем, Молли! Бұл шен бе едің?
– Нелли, сәлем! Сен бүгін кафеге келмеген соң, мен қатты алаңдадым. Қалың қалай?
– Міне өжің көріп тұрғандай, тішімді жұлдыруға тура келді. Енді шекем ауырып тұр, – деді Нәйля, шекесін ұстап.
– Нелли, айтып едім ғой саған, тәттілерді көп жеме, – деді Мөлдір, құрбысына жаны ашып.
– Ия, шаған құлақ ашуым керек еді, – деді Нәйля тұнжырайып.
– Егер саған қандай да бір көмегім керек болса айт, мен көмектесуге әрқашан да дайынмын, – деді Мөлдір.
– Молли, шен нағыж дошшын, рақмет шаған! Тішім жазылғанда тағы да кафеде кеждешейік, шонда тағы да шоколадты пешенье мен шүт ішейік! – деді Нәйля сәл күлімсіреп.
– Нелли, сен түзелмейтін қыңырсың ғой! – деді Мөлдір.
Құрбылар мырс етіп күліп жіберді.

Редакторлар: Ділдәр Мамырбаева


Эстер Собослай: үй (ház)




 









Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése