2021. március 9., kedd

Ребека Пот: Бұлттан өрілген құрақ

 

Суретші: Эдит Туза

Негізгі сөздер: қорап, бұлт, мамыр айы (doboz, felhő, május)

...Шын мәнінде, дауыл жақындап қалған еді. Бірақ ол дауыл соғып, найзағай жарқылдайтынын алдын-ала болжаған жоқ. 
Дауыл көтерілген кезде ол түнгі ауысымда жүрді. Дауылдың қатты соққаны сондай, ол мінген велосипедті ұшырып алып кетті. Үсті-басы малмандай су болды. Қымбат костюмінен су сорғалап ақты. Көзілдірігі судан ісініп кеткен бауына ілініп тұрды, ал аяқ киімі шылқ-шылқ етіп, су өткен тесік қайықты еске түсірді.
Әрине, ол кешігіп қалды. Жанжал шықты. Ол бәрін түсіндіруге тырысты, жалынды, тіпті жылап та жіберді, бірақ одан ештеңе шықпады. Ол ашуланып, қолындағы таяқшасын сындырып алды. Сынған таяқшаны лақтырып жіберіп, есікті тарс жауып шығып кетті.
Әрине, ол көрермендерді ең алдымен ауа-райы қызықтыратынын түсінеді. Бірақ табиғаттың қалай құбылатынын, найзағай ойнайтынын-ойнамайтынын ол халыққа айтуы керек еді…
Келесі күні оны жұмыстан шығарып жіберді.
Иә, оны, теледидар алдына көптеген көрермен жинаған, осы қаладағы ең мықты метеорологты! 
Жұмыстан шығарып жібергенін естігенде ол қатты қиналды. Өзін қор сезінді, тынысы тарылды.
Аяғын ілбіп басып бара жатып, болған жағдайды жүрегіне жақын қабылдағанын, өзінің қатты кетіп қалғанын түсінді. Бәрінің ойламаған жерден болғаны сондай, ол өзін-өзі ұстай алмай қалған еді. 

Бірнеше күн бойы өзіне-өзі келе алмай жүрді. Ас батпады, ұйқы да келмеді.
Үшінші күні іші шұрылдап, қарны ашқанын сезді. Мамыр айы. Күн шуақты болатын. Ал ол үстел басында тұнжырап отыр… Үнсіз отырып тамақтанды. Әйелі оны жігерлендіргісі келді. Тамақтан кейін қып-қызыл боп піскен құлпынайды үлкен тәрелкеге толтырып салып, үстіне  сүт тартқыштан жаңа алынған дәмі тіл үйіретін қою қаймақ құйып берді. Сол-ақ екен, аяқ асты оның жүзі жайнап, орнынан атып тұрді. Бұлттардың коллекциясы! Ол енді коллекцияны сақтамайды!
Шыны жәшіктер дәріханадағы сөредей әп-әдемі боп қатар-қатар сап түзеп тұр. Жаңбыр бұлттары; жаңбырға дейінгі және жаңбырдан кейінгі сетінеуік бұлттар; батып бара жатқан күн сәулесіне шомылған бұлттар; күннің таңғы сәулесі түсіп, жарқыраған бұлттар; мақта кәмпитке ұқсас будақ бұлттар; сирек және қалың ұшпа бұлттар; шарбы бұлттар; ыдыраған шағырмақ бұлттар; көктем және күз мезгіліндегі шөкпе бұлттар... Бәрінің латынша атауы әдемі жазумен жазылған. 
Оларды сұрыптап отырып, оның көңіл-күйі көтерілді. Ойына әр нәрсе түсті. Коллекцияны тығып қоюға болмайды. Егер коллекцияны қаладағы Метеорология мұражайына тапсырса халық келіп көреді... Оны қайтадан құрметтей бастайды.  Енді жексенбі сайын отбасымен демалғанда итбалықтарды тамақтандырып, пілдерді жуындырмайды. Маған керегі осы – коллекция! Әлі біраз жұмыс істеп, оны дұрыс дайындау керек.
Жұмысқа беріліп кеткені сондай, бірнеше күн бойы бөлмесінен шықпады. Оның осыншама тұйықталып кеткені әйеліне ұнамады. Ол тәнсіз, тұманға айналып кеткендей. Көшеге де шықпады. Бір қызығы, сол күннен кейін аспанды бұлт торламады. Көкпенбек болып тұрса да, көңілсіз көрінді. Күн көзі де күңгірт, керенау секілді.
Қалада әңгіме ететін ешқандай ерекше оқиға да болмады. Бұрын көрші-көлем ауа-райын талқылау үшін бір-бірінің үйіне жиі қонаққа баратын. Аяқ асты күннің жылынатынын немесе күн суытса тізенің сырқырайтынын айтып шағымдануға таптырмайтын мүмкіндік еді. Қазір енді оларға әңгіме ететін ештеңе қалмаған секілді. Бір-бірімен үнсіз бас изесіп амандасудан әрі аспады. Жұрт метеорологты, оның әңгімесін сағынды. Оның аяқ асты көрінбей кеткеніне алаңдады.
Бір күні олар метерологты іздеп барды. 
Олар есікті қаққанда, әйелі ашты. Шай үстінде ол соңғы уақытта күйеуінің немен айналысып жүргенін білмейтінін айтты…  Мына сөзге бәрі алаңдап қалды. Әйелдер «не болып қалды екен» дегендей бір-біріне иек қақса, ер адамдар жағы күбір-күбірге көшті. Бұл бір түсініксіз жағдай болды. Сол сәт осы үйдің кішкентай қызы қонақ бөлмеден шығып, әкесінің жұмыс бөлмесіне кіріп кетті. Бөлмеге кіріп барған ол жан-жағына таңдана қарады. Шыны жәшік ішіндегі түрлі-түрлі бұлттарды көрді. Қандай керемет жұмсақ әрі үлпілдек бұлттар!
Ол қонақтар отырған бөлмеге жүгіре кіріп, ешнәрсе түсіндірместен, анасын сүйрей ала жөнелді. Анасы жұмыс бөлмесінің алдына жеткенде тоқтай қалды. Бөлмеге рұқсатсыз кіріп баруға ыңғайсызданды. Бірақ күйеуінің осыншама уақыт бойы бұл бөлмеде немен айналысып жүргенін білгісі келіп, қызына еріп ішке кірді. Кірді де, ол да қызы секілді аузын ашып қарап қалды.
Өз көзіне өзі сенбеді. Көз алдындағы ерекше коллекцияны асықпай қарап, сыртындағы жазуын күбірлеп оқып шықты...
Қонақтар да құпия бөлменің есігінің алдына топырлап келіп қалған еді. Олар да таң-тамаша болып бөлмеге кірді.
– Рози, бұл оның бізден жасырып жүргені ме? – деп сұрады олар жан-жақтан.
– Оның бұл әрекетін түсінбеймін, осыларға құмартады да тұрады... Бұлардың не керегі бар? – деп кілт тоқтады әйелі. – Шаң жинағаннан басқа...
– Бұлардан құрақ құрайықшы! – деген ұсыныс айтты қызы.
Анасы қызын тиып тастады.
– Бұл бала дұрыс айтып тұр! – деді егде жастағы әйел. – Шынымен біз неге бұдан құрақ құрамаймыз?! Осылайша болған жағдайға байланысты көзқарасымызды білдіреміз. Олардың оны осылай жұмыстан шығарып жібергені дұрыс па?.. Қалай ойлайсыңдар?
Олар түні бойы құрақ құрады. Таңға жуық мөлдір түсті гобеленге ұқсас құрақ дайын болды. Әйелдер беті-қолдарын жуып, үйлеріне қайтты. Ендігі кезек ер адамдардікі. Бүкіл қала толқыды. Ер адамдар мықты, ұзын ағашпен мөлдір түсті құрақ гобиленді шет-шетінен іліп алып, аспанға көтерді.
Сол сәт ерке жел соғып, бұлттан өрілген құрақты биікке алып кетті. Түрлі-түсті құрақ желпілдеп көкте бұлттан өрілген шексіз поэзия секілді жеңіл жүзіп бара жатты. Ол көк жүзін түгел жауып, аспанмен астасып, нақ өзі секілді боп көрінді де ыдырап кетті. Ішкі жағы қою түсті, ал сырттай қарағанда көгілдір түсті боп көрінді. 
Бір сәт құс үні тынып, жылы жаққа ұшып бара жатқан қарлығаштар да қонақтады. Адамдар да аспаннан көз алмады. Олар бұрын-соңды дәл осындай құбылысты көрмеген еді. Ғажайып көрініс бара-бара кішірейіп, аспанға сіңіп көзден ғайып болды.
Ғажайып көрініс ұзаққа созылмады. Бұлттың табиғаты сондай. Олар бір орында тұрмайды, үнемі өзгеріп отырады. Бұлттардан өрілген құрақ та бірте-бірте ыдырап кетті. Бұйра әрі қою бұлт бара-бара сетінеп, түссіз реңкке енді. Сетінеуік бұлт бірте-бірте тамшыға айналды. Сөйтіп бар бояуы, әдемілігі еріп кеткендей, шексіз-шетсіз аспанға сіңіп кетті. 
Осы бір ғажайып сәттің куәсі болған адамдар осы құбылысты ешқашан ұмытпады. Әлі күнге дейін сол күнді, аспан әлемін ғажайып өрнек жапқан күнді еске алып тұрады.
Ал коллекционерді сол күйі әлі ешкім көрген емес...

Аудармашылар: Илдико Витман, Адина Жүсіпова, Редактор: Ділдәр Мамырбаева

Кати Боди: бұлт (felhő)

Айсұлу Алмасбаева: құпия (titok)

Айсұлу Алмасбаева: түн (éjszaka)

Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése