Суретші: Алмас Сырғабаев |
Негізгі сөздер: шоколад, айдаһар, торт (csokoládé, sárkány, torta)
Жаһанды қанша айналып ұшқаны белгісіз. Бір кездері қарнын тойдырып, қанатын жайып көкке көтеріліп кеткен еді. Содан бері талай елді, талай тарихты көрді, талай дәуірді артта қалдырды. Бүгін біраз тынығып алмақ болып, қонуға жайлы жер іздеп біраз ұшты. Бір кезде қалың ағаштың ортасындағы алаңқайда кітап отырған баланы көріп, артқы жағына келіп қонды. Бала кітаптан бас алмады, кітаптың қызығына еніп кеткен сияқты. Айдаһар да оның ойын бөлмейін деп отыра берді. Кітабын оқып біткен бала оның бетін жауып, жақсылап тұрып бір керіліп, көк шөпке шалқалап жата кетті. Сол кезде ғана артқы жағында отырған айдаһарды көрді. Қорыққан жоқ.
– Сәлем! – деп қуанып кетті қайта.
– Амансың ба, балақай! – деді айдаһар да баланың өзінен қорықпағанын қуанып.
– Сен кәдімгі айдаһарсың ба?
– Иә.
– Қандай керемет! Мен қазір ғана айдаһар жайлы ертегіні оқып бітіріп едім. Бірақ ол жерде сені мейірімсіз етіп көрсетіпті. Сен қазір мені жеп қоймайсың ба?
Айдаһарды ашу кернеп кетті. Аузынан жалын шашып, әп-сәтте бәрін жайпап тастайтын сезім бой көреді. Бірақ өзіне қорықпай, жай ғана риясыз қызыға қарап отырған баланың жүзін көріп, бірден сабасына түсті.
– Жоқ, жемеймін.
– Бірақ қарның ашқан шығар, иә?
– Иә.
– Онда тұра тұр, мен қазір келем... – деп бала үйіне қарай жүгіріп кетті де, шоколад пен үлкен бір торттың жартысын алып келді. – Міне, мынаны жеп көрші. Өте тәтті.Айдаһар қоңыр затқа қорашсынып қарап тұрды да, баланың түрінен өзін алдап тұрмағанын түсініп, шоколадты тілімен іліп алып жұтып жіберді. Тәтті екен ғой! Содан кейін тортты жеді. Бала алдамапты. Өте тәтті екен ғой. Өмірінде мұндай тәттіні жеп көрмепті.
– Ұнады ма?
– Иә, қатты ұнады. Тағы жесем бола ма?
– Бүгінге осы жетеді. Тәттіні көп жеуге болмайды.
Тәтті жеп көңілі жайланған айдаһар балаға өзінің қайдан келгенін, не көргенін айтып берді. Екеуі көк шөпке шалғасынан түсіп жатып, зеңгір көкті, ақша бұлтты қызықтап көп әңгіме айтты.
– Үлкендер қызық, мамам маған кейде қызыл табақты әкеліп берші дейді. Ол табақтың шеті ғана қызыл, қалған жерінің барлығы аппақ. Мен «Мама, бұл ақ табақ қой» десем, «Жоқ, бұл қызыл табақ» дейді.
– Мен туралы да солай ойлайды ғой. Айдаһар деген аты бар, өзі үлкен, әрі ұсқынсыз. Демек мейірімсіз, қорқынышты жаратылыс деп есептейді.
– Ал мен олай ойламаймын. Сен өте мейірімді, сүйкімдісің...Сен көк жүзін көп шарладың ғой. Жұлдыздарды санадың ба?
– Санап көрмек болдым, бірақ санынан жете алмадым. Өте көп екен.
– Миллион ба, миллиард па, әлде... бір гугл ма?
– Адамдар санмен өлшегенді жақсы көресіңдер, ә?
– Иә. Солай жеңіл сияқты. Айдаһар, егер миллиард жұлдыз болса, соның бәрін санау үшін қанша уақыт кетер еді деп ойлайсың?
– Ол сенің санау әдісіңе байланысты ғой. Бір-бірлеп санасаң миллиард уақыт кетеді. Жүз мыңдықпен санасаң, азырақ уақытың кетеді.
Күн кешкіріп, баланың ата-анасы жұмыстан келетін болғандықтан, ол айдаһарды бақшадағы қалың жеміс ағашының арасына жасырып, үйіне кетті. Осылайша ол күнде ата-анасы жұмысқа кеткенде, өзі мектепке баратын уақытқа дейінгі уақытын жаңа досымен бірге өткізетін болды. Екеуінің бұрыннан бір-бірін сағынып әрең көріскен жандардай әңгімелері таусылмады. Бала оған күнде шоколад пен торт әкеліп беріп жүрді.
– Қолыңдағы не нәрсе?
– Смартфон ғой. Ақылды телефон.
– Адамнан да ақылды ма?
– Иә, кейбір адамдардан ақылды.
– Оны кім жасады?
– Бір ақылды адам жасады.
– Адамдардың өздері жасаған затты өздерінен ақылды деп есептейтіні қызық екен. Ал мен ұшып келген дәуірлерде адамдардың ақыл туралы ойы басқаша болған. Мысалы, көздеген жеріне дәл тиген талай жебені көрдім. Бірақ оны ешкімнің оны «ақылды жебе» дегенін естімеппін.
Бала иығын қиқаң еткізді. Айдаһар оның өзін түсінбегенін ұқты. Бүгін айдаһар баладан:
– Аспанға ұшқың келе ме? – деп сұрады.
– Әрине!
– Кел онда, арқама мін. Жалымнан мықтап ұста, жарай ма?
Бала көп ойланбастан айдаһардың арқасына қарғып мініп, жалына жармасып алды. Қанатын қағып-қағып жіберіп көкке көтерілген кезде баланың жүрегі аузына тығылғандай болды. Бірақ жоғары көтерілген сайын бойын қуаныш керней берді. Міне, үйі де, ағаш толы бақшасы да, тіпті ауылы да алақандай болып қалды. Алыстан көрінетін таулардың биік шыңына көктен қараған қандай керемет! Айдаһар ауылды да, қаланы да шарлап ұшты. Жердегі адамдар смартфондары мен камераларын аспандағы айдаһарға, яки айдаһар мінген балаға бағыттап шытырлатып түсіріп жатыр, түсіріп жатыр. Көп ұзамай әлеуметтік желілерде, телевизияда айдаһар мініп ұшып жүрген баланың суреті, видеосы қаптап кетті. Оған әркім әртүрлі пікір айтып, жазып жатты. Тек ол пікір бала мен айдаһарға ғана жеткен жоқ. Өйткені айдаһарға адамдардың, ал балаға тек өз ережелерін тықпалайтын ересектердің пікірі маңызды емес еді.
Айдаһар мінген баланы іздеп тілшілер камераларын көтеріп ауылға қарай ағылды. Ғалымдар мен шенеуніктер айдаһарды зертханаға алып кетпек болды. Ересектер солай істеген дұрыс деп шешкен сияқты. Бала айдаһармен қоштасуға бір күнге рұхсат сұрады. Бәрі басын шұлғып келісім беріп, ертең келмек болып тарасты.
– Сені алып кетеміз дейді... – деп жыламсырады бала.
– Не үшін?
– Білмеймін...Үлкендер өздеріне ұнаған нәрсесін осылай алып кете береді.
– Менің барғым келмесе де ме?
– Иә.
Айдаһар мен бала ұзақ үнсіз отырды. Екеуі де аз күнде бір-біріне бауыр басып қалып еді. Айдаһар баланың арманын орындап аспанға ұшырды. Бала айдаһардың бойындағы мейірімді оятты. Екеуі ай туғанша отырды.
– Онда, мен кетейін.
– Мені де ала кетші...
– Жоқ, сенің ата-анаң, елің-жерің бар. Олардан алыстап кетуіңе болмайды. Ал мен еркін ұшқан айдаһармын. Бірақ кейін сені іздеп келемін деп уәде беремін.
– Уәде бересің бе? Кейбір үлкендер сияқты алдап кетпейсің бе?
– Жоқ, алдамаймын. Бірақ мен қайтып келгенше сен де сол үлкендер сияқты болып кетпейсің бе?
– ...
– Онда, көріскенше аман бол балақай. Тортың мен шоколадқа көп рахмет. Енді менің аузымнан жалын емес шоколад атқылайтын шығар, — деп күлді айдаһар.
Бала айдаһардың ұзын мойнынан құшақтап, жалын сипады. Жылағысы келіп, тамағына өксік тығылды. Бірақ жыламады. Әкесі «Жігіттер жыламайды» деген. Айдаһар да бала ерекше иілі тағзым еткендей болды да, қанатын қағып көкке көтеріліп, толған айды бетке алып ұшып кетті. Бала қолын бұлғап қала берді.
***
Кейін бала есейгенде айдаһар баланы іздеп келді ме, жоқ па, оны ешкім білмейді. Бәлкім іздеп келіп, таппай кеткен болар. Есейіп, ересектер әлеміне енген бала айдаһарды өзінің қиялы деп қабылдап, оны күтпеген де шығар.
Ассоль Сас: айдаһар (sárkány) |
Цецилия Шимони: бүркіт (sas) |
Қайрат Жәйірбек: айдаһар (sárkány) |
Қайрат Жәйірбек: қазақ, Қазақстан, бүркіт (kazak, Kazahsztán, sas) |
Nincsenek megjegyzések:
Megjegyzés küldése