Суретші: Әсел Әлімбаева |
Негізгі сөздер: айна, астау, тарақ (fatál, fésű, tükör)
Алуа айнаға қарай бергісі келеді. Күлсе, айнадағы Алуа да күледі, қабағын көтерсе де, тілін шығарса да айна-қатесіз қайталайды. Көзін жұма қойды. Қайта ашқанынша «Айна ма, тарақ па?» - деп көзін біреу басып тұр. Сыртынан сипалап еді, саусақтары нәп-нәзік.
– Қарлығаш, сенсің бе? Ойнап тұрған бала жауап бермеді.
– Айна ма, тарақ па? – нәзік саусақты жіңішке дауыс танымасын дегендей үнін өзгерте қайта сұрады.
– Айна!
– Көзің жайна! – деп босатып жіберді.Әжесіне еріп келген Қарлығаш екен. Бүгін Алуаның апасы Жәнібекті бесікке салады. Қонақтар соған жиналып жатыр. Сәбидің жастығының астына қоямыз деген айнаны Алуа бағана сұрап алған. Қарлығашқа соны көрсетті. Мөлтілдеп, мөлдіреп тұр. Екеуі бас түйістіре қарап еді, бейнелері айнаның бетіне шыға келді. Киген көйлектері де сол қалпында көрінді. Кетік тістері кетиіп еркелей қарайды. Екі қыз емініп тағы қарады. Алуа қолына ұстап, қозғап-қозғап жіберіп еді, астауға құйған күмістей көлкілдеді де, бейнелері толқынның арасында қалғандай бір көрініп, бір көрінбеді. Алуа айнаның бетіне су тамызды. Моншақ секілді дірілдеп, айналасында сәуле ойнады.
Қарлығаштың әжесі ел-жұртқа аяулы, ұрпақты бәйбіше. Жәнібекті бесікке сол кісі бөледі. Төсегін, жастығын, бауын, шүмегін, түбегін түгендеп болып, енді оттың табы тұрсын деп, бесіктің арқалығын қызған темірмен білінер-білінбес етіп қарып-қарып алды.
– Жастығының астына қоятын айна, тарақ, пышағын әкеліңдер! – деді. Алуа қолындағы сыртқы бетіне күміс жалатқан, өңірі өрнекпен жиектелген айнаны бермес бұрын, «қарашы-қарашы!» деп нәрестенің бетіне тақаған.
– Тәйт, өйтпе, баланы айнаға қаратпайды! – деп апасы Алуаны бесіктен әрірек жерге ығыстырды.
– Не болады? – Бұртия қалды. Жәнібек туғалы апасы мұны бұрынғыдай еркелетпейтін секілді. Бар-жоғын ұмытып кеткендей. Енді бесіктің жанына жақындатқысы келмейді. Ойнатайын деп еді, апасы онысын да артық көріп тұр.
– Тілі шықпай қалады. Кейін есі кіргенде қарайды айнаға!
– Онда неге басына жастайсыз? Алуа апасының қабағынан қаймығады. Елдің көзінше тілін шайнап, шолжаңдай берсе артынан сөз еститінін де біледі. Сөйте тұра көптен бері өзіне жылы сөз айтпаған апасының еркелеткенін сағынғанын, бауырына басып иіскелегеніне аңсары ауып тұрғанын бұртиған түрінен аңғартып, ернін шүршите дүрдиді.
Бесіктің арқалығына тұмар тағып жатқан апасы бұған елжірей қарады. Жанын үзіп беруге шақ тұр. Апасының көңілінің өзіне бұрылғанын аңғарған Алуа неше күнгі өкпесін алға тартып, қиқаңдап, бұртаңдап кетті.
– Онда неге басына жастайсыз деймін? - деп сұрағын нығарлай қайталап қойды.
– Айнаны айнадай таза, алыстағыны болжағыш болсын деп жастайды баланың басына. Бұл айна ақсүйектер мен ханшалар ғана қолына ұстай алатын қат дүние болған кезінде. Қазір көп болған соң ғой, қадірі кетіп тұрғаны. Жәнібектің басына жастаған күміс айнаны менің әкем кезінде бақалшыдан бір тайға сатып алыпты. Шешеме берерде: «Бұған күліп жүргеніңде ғана қара, ашуланып жүргенде көзің түссе шайтан көрінеді» деп қорқытып қойыпты. Анам соған өлердей сеніп, көңілді кезінде ғана қолына ұстайды екен. Кейін маған бергенде де осыны аманаттаған.
Айна бір қаланың жұртын жаудан аман алып қалған, ол әңгімені асықпай айтып беремін, - деп Алуаны бауырына басып, ұйпа-тұйпа шашынан иіскеледі. Жәнібекті қырқынан шығарарда суға салған құмалақтың иісі ме, үйдің ішінен дала лебі аңқығандай болды. Жастығы да, төсегі де апасы болып, балалық пен еркеліктің бесігіне бөленді де, тербетілді.
Көз алдынан сағымдар көшуде. Апасы Жәнібекті тербете отырып, әңгімесін бастап кетті.
... Бұл өзі алыс, бізден тым алыс елде, баяғыда болған оқиға. Сол жерде тау басына салынған астауға ұқсайтын ескі қамал бар екен. Оның жеті қабат мұнарасы ғажап дейді. Мұны бір кезде араб әмірлері бағындырып алса, олардан кейін Иран шахы шабуылға ұшыратқан.
Аладин шах осы қамалда ғұмыр кешкен сұлу, өзі ақылды бір әйелдің атағына ынтық болып, соғыс кезінде сол әйелді беріңдер деген шарт қояды. Ол бір сыйлы адамның жары болғандықтан, қала халқы оны бермейді. Сонда шах: «Егер сол әйелді көзіме бір көрсетсеңдер, онда қала халқын қоршаудан босатамын» дейді. Сонда шеберлер көп айна жасап, бір айнадан екінші айнаға әйелдің жүзін түсіріп, шахтың дәл алдына көрсеткен екен. Әйелдің сұлулығына тамсанған шах соғысты тоқтатып, әскерін кері алып кетіпті. Қаланың айна жасаушылары кескін беретін айна бетіне алтын мен қола қосқан. Сонда айна бейнені әлденеше есе әдемі етіп көрсеткен.
Міне, сөйтіп айна әдемілікті одан сайын сұлуландырып, соғыстың тоқтауына себепкер болыпты.
Біз білмейтін бір патшаның анасы айнаның бөлшектерімен безендірілген көйлек тіктіріп киген. Ол жүргенде жарықпен шағылысып, айналасына нұр шашыратқан.
– Қандай тамаша! Жәнібектің басына жастаған күміс айнаны кейін маған бересіз бе?
– Беремін, күнім. Дегенмен айнаға сүзіліп көп қарай беруге де болмайды. Кезінде қазақтар оны сиқыршыға тән нәрсе деп бағалап, қолдарына көп ұстай бермеген. Ай толған кезде сәулесіне тосып, күндіз күннің көзінен жасырып қойған.
– Неге?
– Балам, айнаға қарашы, кімді көріп тұрсың?
– Өзімді.
– Олай қарасаң да - өзіңсің, былай қарасаң да өзіңсің. Өзін көре берген адам өзін патша сезініп, өзімшіл болып кетеді.
– Енді сыртқа қарашы, не көріп тұрсың?
– Ағаш бұтағындағы бозторғайды.
– Тағы нені байқадың?
– Күн шуағын. Апа, апа! Қарашы! Күн шуағы ағаш бұтағындағы бозторғайды шомылдырып жатқан секілді.
Кати Боди: тарақ (fésű) |
Кати Боди: нәресте (csecsemő) |
Nincsenek megjegyzések:
Megjegyzés küldése