Суретші: Эстер Собослай |
Негізгі сөздер: домбыра, патша, көкжиек (dombra, fejedelem, láthatár)
Кіре тартқан керуендер шалғайдағы сахара жұртының қуанышы мен жұбанышына айналған жібек жолының бойындағы шөлейт даланы басып өтетін тұста – қарлы шыңдардың құшағында Алматы деп аталатын сұлу да, тәкаппар шаһар бар. Ежелден бері тәтті алманың мекеніне айналған бұл шаһардың аты да осыған байланысты аталса керек. Алма ағаштары елжіреген көктемнің көктегі нұрынан бүршік атып, гүлдей бастаған. Шудалары мақпалданған бұлттан қашқан жібек жел алма ағаштарының күлтелерін ұшырып, тіптен алысқа алып кетіп жататын. Көк аспанда ұшқан ақ мамықтар шаһардың көшелері мен үйлерін бүркеп қалатын.
Желкілдеген көк майсаны көріп желіккен балалардың шаштарына кішкентай гүл күлтелері келіп қонатын. Алма ағаштарының саясында өскен балалар алақайлап жүгіретін. Желге қарсы қойылған қоңырауларға жан бітіп, үні үздігіп естілетін.
Сарайынан шыққан әмірші мұнараның ұстынына сүйеніп, көкжиекке көз салды.
Қарлы шыңдардың көз жетпес тұсында сағым ойнаған сар дала. Көп жасаған көне шежіре.
Әміршінің жүрегі кір басқандай шерлі еді. Оның мұңы белгілі бір шегі жоқ, тұрағы жоқ көкжиек секілді шексіз де, шетсіз еді. Көмейінен лапылдаған қара уайымы өзіне ғана аян. Бақыт, байлық, бәрі бар бір басында. Қара басындағы қара тұман – шын ынтазар жанын кездестіре алмауы еді. Шынайы махаббатқа зәрулік көзінің алдын көк тұман етті. Ақша бұлттан , жалыннан , ақ нөсерден, гүлдердің бүршігінен нәзік бір сезім іздейтін.
Сарай қақпасының алдында домбырашы бір қыз күй тартатын. Ондайда әміршінің кеуде тұсындағы бұлты ыдырап, көңіл сарайы ашылатын. Домбыраның көмейі сөйлеп жатқандай ұғынатын.
Домбырашының киімі өте жұпыны еді. Тозығы жеткен шалбары, көнетоз былғары шәркейі, бірнеше қабат аққа көкті жамаған бешпенті бар еді. Тік жағалы кең мол пішімді көйлегінің жағасын қыш түймемен түймелеп қойған. Бұл киімдер жұпыны болса да оның сымбатты мүсінін сырт көзден көлегейлеп тұратын. Оның осы бір сырт көзге оғаштау көрінетін киімінің ішінде ең сәнді көрінетіні теріден тігілген бас киімі еді. Төбесінен иығына дейін төгілген шашақтар оның қос бұрымын жауып тұратын.
Күйші қыз тоқыма төсеніштің үстінде отырып, бірде жеделдетіп, бірде сарынын алыстатып көкке серпілте төгілтетін күйін. Әмірші әдетімен сарайының терезесінен сыртқа көз тігіп, күй сазының сиқырлы үніне елтіген. Күйде мұндай сурет барын-бұрын соңды дәл осылай сезінбеген.
Түймелерді алақанына саумалап ұстап сілкіп қалды. Сыңғырлаған әсем әуен естілді. Әмірші бірнеше алтын ділдәны терезеден лақтырды. Домбырашы қыз сыңғырлай төгілген ділдәларға елеусіз ғана көз тастап, кер бестіге мініп, кең өлкені кезгендей екі шекте саусағы безілдей жорғалады. Күңіренді, тұншықты, аласұрды.
Бір күні әмірші елең-алаңда оянған. Тұнық көктің тұнық нұры сарай дәліздерін аралап, аппақ қабырғаларға шағылыса, бөлмелерді алтын шұғылаға малып тұрған. Өз-өзінен мазасызданып, әбігерленген әмірші домбырашы қыздың қоңыр сазды күйін іздеді. Ешқандай әуен естілмеді, сарайда мүлгіген тыныштық орнады.
Әмірші күйші қыздың өзі не болмаса жақын біреуі ауырып қалды ма екен, әлде өзіне басқа бір жайлы орын іздеп кеткен шығар деп ойлады. Көңілі жабырқау тартты. Алаңдап, бүгін-ертең келіп қалар деп күтті. Мазасызданды. Әміршінің жабырқаған көңіліне медеу болатын домбыра үні естілмеді. Оған бүкіл мына әлем мұңға батқандай сезілді.
Келесі күні ол төсектен тұра сала сыртқа көз салды. Күйші қызды іздеді, бірақ ол көрінбеді. Әміршінің ұйқысы қашты, күні-түні дөңбекшіп, түсінбес дертке шалдықты. Уайым-мұңы есінен адастыратынын сезген ол күйші қызды іздеуге бел буды.
Ол тез арада алтын түсті зерлі жібек шапанын жыртық жұпыны күртешеге, жібек шалбарын тозығы жеткен шалбарға ауыстырып, алтын зерлі бас киімінің орнына бөрік киді. Хош иісті маймен сылайтын бұйра шашын тарақ тимегендей қобыратып қойды. Сөйтіп күйші қызды іздеуге шықты. Тіршілігі қайнап жатқан шаһардың бас алаңына жеткен ол сапырылысқан жұртпен бірге мешіт қақпасының алдына тоқтап айналасына көз салды. Мешіттің алтындаған күмбездері күн нұрының шұғыласымен жарқырап көрінді.
Сол сәтте домбыраның сазды үні естілді. Кеудесі дүрсілге толған әмірші әуен шыққан жаққа жетуге асықты. Бірақ жақындай бере тоқтап қалды. Жаны мен жүрегін баурайтын таныс әуенге мүлде ұқсамайды. Бұл жолы домбырадан шыққан нәзік үн оны баурай алмады. Жат секілді. Күйін аяқтаған домбырашы алақанын жайып тілемсектенді. Әмірші оған жақтырмай қарап:
– Басында шашақты бас киімі бар, аяғына бізтұмсық шәркей киген талдырмаш домбырашы қызды білесің бе? - деп сұрады.
– Иә, танимын. Бірақ ол бұл шаһардыкі емес. Ол үнемі әмірші сарайының жанында отыратын. Табысы да бізге қарағанда мол еді. Соны білген қарақшылар оны тонап, бар ақшасын тартып алып, өзін шөлейтті жерге тастап, тентіретіп жіберіпті. Оған жаным ашиды және қатты аяимын - деді ол домбырасын жәймен шерте отырып. – Мұнда қайыршы болу азап. Кедейлер қатты қорлануда, - деді ол күңіреніп.
Әмірші бұл сөзге қатты таңырқады. Ол өз жұрты алма ағаштардың саясында бақытты өмір сүріп жатқанына кәміл сенетін-ді. Кері қайтқан әмірші жолай жолдағы, базардағы адамдардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Олар кедейлік пен аштық туралы айтты. Алтын сарайда аста төк байлыққа кенеліп өмір сүріп жатқан әмірші халықтың кедейленген, тақырланған жағдайынан бейхабар екеніне налыды. Өзі қаншалықты бай болса, халқы соншалықты кедей екеніне көзі жетті.
Сарайына әл-дәрмені құрып, әрең жетті. Келесі күні ол уәзірлерімен, кеңесшілерімен, ақсақалдармен мәжіліс құрып, ел жағдайын егжей-тегжейлі сұрады. Басқосуда кеткен кемшіліктерді анықтап, есеп-қисап жүргізді. Қазынадағы байлықтарын ақшаға айырбастады. Ол халық қарғысына ұшырамау үшін, һәм шаһар жұртын қуанту үшін жаңа заңдар шығарды. Қарбаласқа толы күннен кейін ол қатты шаршап ұйқыға кеткен. Таңертең ол әдеттегіден ерте оянды. Жүзі сынық. Жан дүниесіндегі жалғыздық жүрегін езіп барады. Оның емі – домбыраның сыңғырлаған әсем қоңыр үні мен құлын мүсін нәзік қыз еді.
Әмірші бір апта бойы шөлейт даланы кезді. Онда дала тышқанынан басқа бірде бір тіршілік иесі жоқ сияқты көрінді. Әбден қалжырап әлсіреген ол тұлпарынан түсті. Үрейлі бейнелерді елестететін сұрқай жартастың көлеңкесіне отыра кетіп, аздап демалғысы келді. Ол қызғылт-қоңыр тас үйіндісіне көз жүгіртіп еді, ол жер өте қорқынышты көрінді. Кенеттен... иә, кенеттен домбыра үні естілді. Құм үстіне төселген төсеніште жападан жалғыз домбыра тартып отырған сұлу қызды көзі шалды. Таныс, тартымды бейне. Даланың сұрапыл желі аяусыз соғып, құмды көз ашырмай ұшырып жатты. Қыз домбырасынан мұңлы да, өртті саз ыңырана шығып, көздің жасын, көңілдің мұңын шертіп жатты. Тағдырдың тәлкегіне түскен қыз жақындап келе жатқан адамды байқады да:
– Менің қарным аш, шөл де қысып барады, - деді әлсіз дауыспен.
Әмірші әбден қалжыраған қызды демеп, тұлпарына мінгізді. Сарайына алып келді. Қызметшілер оны тамақтандырды, жуындырды. Зерлі киім кигізіп, шашын тарап, жұпар маймен майлады. Жүрегін бақыт кернеген әмірші қыздың киелі пернеде ойнаған әуен саздарын естіп, жанына жұбаныш тапты. Аулаға шығып, айналаға көз сала қарады. Батып бара жатқан күннің алқызыл жалқынына шомылған көкжиекте бақыт пен бақтың дәні қаулап өсіп тұрғанын көріп шаттанды.
Аудармашылар: Эржибет Антафи-Фаркаш, Зауре Төрехан, Бабақұмар Хинаят. Редактор: Ділдәр Мамырбаева
Нұрлан Әбішев: дос (barát) |
Nincsenek megjegyzések:
Megjegyzés küldése