2021. február 19., péntek

Рита Сечей: Інжу ішінен шыққан құс

 

Екатерина Гузикова: құс (madár)

Негізгі сөздер: ұл, қайыршы, інжу (fiú, koldus, gyöngy)

Ханзада өсе келе сан түрлі ойдан өзін қоярға жер таппай, сарай ішін кезіп кететін. Оны үнемі белгісіз бір мазасыздық қинайтын. Онда бәрі бар болса да, өзіне бір нәрсе жетіспейтін жандай аласұратын.
– Мен есімнен адастым ба? - деп, ол таңдана айнаға қарап, одан өзіне қарап тұрған жас жігітке жиі-жиі сұрақ қоятын халге жетті. Ондай кезде үлкен көгілдір көздері шарасынан шыға үлкейіп, әдемі, қыр мұрнының желбезектері, сона шаққан кездегі осқырынған аттың танауындай делдиіп кететін. Сауалына жауап таппаған ол, ерінін қатты жымқырып, ашудан жарылардай болатын.
– Маған не болды? Мен неге тыныштала алмаймын? Мен неден сонша шөлдеп тұрмын, бұл не?! – дейтін өзіне. Бірақ айнадағы алтын шашты бозбала сұрағын жауапсыз қалдыратын.
Өз-өзінен торыққан ханзада, айнадан теріс бұрылып, қылышымен санын соға, қолдорбасын жинап, етігін тарта киіп, жолға шығуға қамданды.
«Мен сұрағыма жауап табуым керек», - деп сыбырлады ол Жұлдыз деген тұлпарының құлағына. Осылай деді де, ат жалынан ұстап, үстіне қарғып мінді.
«Мен, ең алдымен, не іздейтінімді нақты білуім керек ... Ал егер мен бұған дейін білген болсам: онда жоғалғанды ​​немесе маған осы уақытқа дейін тиесілі емес, енді тиесілі болатын нәрсені табуым керек», - деп ойлап, жазық даланы бетке алып, жүріп кетті.

– О, жоқ! О, байғұс! - деп оқыс айқайлап жіберді де  тізгінді тартып үлгерді. Жұлдыз қалың ағаш арасынан шыққан қайыршыдан үркіп, алдыңғы аяқтарын тіктеп, көкке шаншыла шапшыды да, жолдың қарсы бетіне бір-ақ ырғыды.
– Атым сәл қиыс кеткенде, сен өлетін едің! - бозбала, алдында тұрған қайыршы қарияға ашуланып емес, аяи қарап, тіл қатты.
– Рахмет, ақылды бозбала, - деді қайыршы, – мені дер кезінде байқағаныңа рахмет, сенің сұлу атың мені оқыс келген ажалдан қақты.
– Мен де, саған алғыс айтамын, - деді бозбала оған, – сен де маған ашуланбадың. Сен алдымнан шыға келгенде ғана мен ауыр ойдан сейілдім.
– Айып болмаса, не ойлағаныңды білуге бола ма, ол қандай ауыр ой жүрегіңді қараңғы еткен? - деп сұрады қария, теңіз түбіндегі шыңыраудай, тұңғиық көзін сығырайта қарап.
– Мен осы уақытқа дейін не қалайтынымды өзім де білмеймін, - деді бозбала, – Сондықтан да әлі де қалың ой үстіндемін ...
– Осы жерден доғар! - деді қайыршы қолын сілтеп, – мен бәрін түсіндім...

Осыны айтып, ол қолын жейдесінің ішіне сұғып, ескі, тозып кеткен киімдерінің қалтасынан бір затты алып, бозбалаға берді.
– Менің өміріме арашашы болғаның үшін саған деген сыйым болсын, - деді ол.
Енді оның алақанында аппақ інжу жатты.
– Егер оны жарсаң, - деп жалғастырды әңгімесін қария, – інжудің ішінен өзіңе керекті қазынаны табасың.
Бозбала оны қызыға сипап қойды, қария қолын көтерді:
– Бірақ ... белгілі бір уақытта ғана әрекет ет. Егер бір нәрсені қатты қаласаң, ол үшін өз өміріңді беруге дайын болсаң ғана інжуді қақ жар. Егер оны жәй ғана қызығушылықпен бөлсең, онда ...
Бозбала алақанындағы жарқыраған жұмбақ сыйлыққа қызыға қарады.
– Рахмет, - деп ханзада басын көтеріп жан-жағына қарағанда, қайыршы жанында жоқ еді.
Ал, бозбала сапарын одан әрі жалғастырды.

Шыжыған күнге, жауған нөсер жаңбырға қарамай, жартасты таулардан өтіп, ұзақ жүріп, алтын сәулелі қалаға жетті. Ондағы әсем үйлер мен көз тартар көшелерді, көше толы адамдарға қызыға қарады. Адамдардың өз шаруаларымен айналысып жүргенін, балалардың ойнағанын, олардың болар-болмас нәрсеге таласып қызыл шеке болғандарын көрді. Жарнамашылар мен суретшілердің, диірменшілер, наубайшылардың, ғалымдардың алуан жұмыстарына куә болды. Әрсіз жандар мен сұлуларды көріп, өзара салыстырды. Ғашықтарды да көрді! Құстардың сайраған әніне елтіп, жүрегі ерекше күйге бөленді. Күннің шығуы мен айдың батуына сүйсіне қарады. Оның жүрегі сырлы әуенге, тілекке толды. Бозбала көзін қолымен жауып, бар ниетімен сүйіктісі болғанын тіледі! Ол оны құшақтайды. Ол басқа ешкімге қарамайды. Ол тек өзіне ғана тиесілі жан болады деп армандады. Сол күні кешке ол аппақ інжуді қақ бөлді...

Дәл сол сәтте оның ішінен қанаты сынған құс жорғалап шықты, қанатын түзеп ұша алмады.
– Аһ, қайыршы! - деді бозбала. – Мынауың не? Мен осыны қалап, армандап па едім?!
Ол ашулы күйінде төсекке жатты. Құсқа қарамады. Құс бұрышта дірілдеп, түні бойы шырылдады. Таң ата ол тұншығып бара жатқан құсты аяп, қолына алды. Ол құстың шырылынан дұрыс ұйықтай да алмаған еді. Ол ұзақ таңға кішкентай құстың шиқылдаған даусына шыдағанымен, оның бір сәт үнсіз қалғаны жүрегіне ауыр тиді.

Сөйтіп ол құсты жібек шапанының бүктемелеріне тығып алып, қалаға шықты. Жәрмеңкеден оған жем, кішігірім құмыра және тостаған сатып алды. Ол құсқа жем шашып, тамақтандырып, сусын берді. Жараларын таза сумен жуып, әдемі бәтес жейдесін жыртып, қанаттарын таңды.
Құс су ішіп, жем жеді.
Көңілденген құс сайрап ән салды.
Құс оның қолынан жем жеді.
Құс оған жымиып, күлгендей болды.
Құс оның иығына отырды.
Соңында құс жастығының шетіне барып қонақтады ...

Күндердің бір күнінде ол жастықтың бір шетінде отыратын құсты таппай қалды, орны бос тұрды. Ханзада бөлме ішін көзімен сүзіп шықты. Сол кезде дастархан басынан орын ұсынған сымбатты, әдемі қызды көрді.
– Сен кімсің? - деді ол салқын дауыспен, сөйтіп жауап күтпестен көз қиығымен айналасын шолып, құсты іздеді.
Құс көзіне түспеді.
Терезеден самал соғып тұрды. Ол  көкжиектен көтеріліп  келе жатқан таң шапағына сүйсіне қарады.
– Мейлі, бұл да жақсы, - деп ойлады ол, ... Ол сауығып кетсе де, еркін ұша алмайды, тіпті мойнын сындырып алуы мүмкін-ау деп қамықты.
Оған сұлу қыз да, дәмді таңғы ас та керек емес еді, құсты ойлап, жүрегі мұңға толды.
Осы кезде, өзіне жылы қараған қыздың көзімен көзі түйісіп қалды. Қыз оған екі қолын созды.
Таза бәтес таңғыш оның бір білегінде ағарып көрініп тұр еді...
– Мен сол, қайыршы киімін киген сізге жолыққан ертегідегі патшаның қызымын, - деді ол ханзадаға мейірлене қарап. – Сен махаббатқа шөлдедің, бірақ бұл сезімді сенің әлі өз дәрежесінде сезінбейтініңді, ондай сезімге әлі дайын емес екеніңді сездім. Сонымен бірге, сен біраз нәрселерді әлі жете түсінбейтін едің...
Сүюді, шын сүюді.
Күте білуді. Күле білуді. Жыламауды...
Еркіне жіберуді…

Бір жылдан кейін, ханзаданың әдемі қалыңдығының киімі таза бәтестен жасалған желбіршектермен безендірілді.

Аудармашылар: Георги Безереди, Ольга Хаягош, Жарқын Утешова. Редактор: Ділдәр Мамырбаева

Елдана Аймұхаметова: дос (barát)


Агнеш Холас-Гейтси: жүрек (szív)


Дина Одесс: ғашық (szerelmes)

Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése