2021. január 12., kedd

Нұрдәулет Ақыш: Қамаудағы достар

Суретші: Нағымбек Нұрмұханбетов

Негізгі сөздер: дос, жер, бала (barát, föld, gyerek) 

Айдын деген баланың елден ерекше сүйікті достары болыпты. Олар бір біріне соншалықты адал екен. Сөйтіп баланың достары бір жерде тату-тәтті өмір сүріп жатыпты. Жалығып еріге бастағанда, есікке қарап, елеңдеп қалысады екен.
Айдын кіріп келсе болғаны бәрі шетінен:
– Мен!.. Мен!..
– Менің барғым келеді, – деп жамырап қоя береді. Бала болса достарын көшеге бір-бірлеп қана шақырып, әрқайсысын жеке-жеке ойнататын көрінеді. Оның бұл мінезіне достарының да еті әбден үйрене бастайды.
Бір күні Айдын достары жатқан жерге жоламай, мүлде жоғалып кетіпті. Баланың осы түсініксіз қылығын әрқайсысы әр саққа жүгіртіпті. Достарын әбден сағындырып, бір күні Айдын да келіпті. Сол-ақ екен, бәрі шетінен шулап қоя берсін:
– Қайда жүрсің, Айдын?
– Әбден сағындық қой, мұның не?
– Өлердей зерігіп кеттік, – деседі олар.
– Жаздыкүні шығуға болмайды, – деп жауап береді бала.
Неге болмайды? Жоқ, сен өйтіп өтірік алдама! Жұрттың бәріне болғанда, бізге неге болмайды? – дейді баланың Коньки есімді досы. Айдын кетіп қалғаннан кейін:
– Осы Айдын бізді алдап жүр, – депті Коньки. – Қараңдаршы, енді оның ойнататыны біз емес, үнемі басқалар.
– Кімдерді сонда? – дейді төменгі жақта тұрған Шана.
– Мен, мінеки, терезеден көріп тұрмын. Ол Доп, Вело¬сипед тәрізді басқа достар тауып алған.
– Қойшы, ей?! – депті серейген Шаңғы ұзын мойнын созып.
– Онысы дұрыс емес екен,  – дейді Шана. – Сонда Айдынның бұнысы қалай?
– Қалай екенін түсінбей отырсың ба? Ол ескі, сенімді достарын сатып кеткен. Міне, солай!.. Ал ондай адамға не істеу керек? – деп бұрқ ете түседі шыдамсыз Коньки.

Өздеріне дала жүзін көрсетпей, қамап тастаған Айдынға барлығы да наразы. Неде болса, бірдеңе істеу керек.
Сонымен Айдынның жоқтығын пайдаланып, үш дос далаға қашып шыққан екен дейді. Аспан айналып жерге түскендей ыстық, айналада қар тұрмақ қыраудың да нышаны жоқ. Оның есесіне жер беті көкпеңбек, желкілдеген жас құрақ, жайқалған жапырақтар көздің жауын алады.
– Ура-а! –деп айқай салыпты Коньки қуанғаннан шыдай алмай.
– Шынында да, мынау неғылған керемет дүние! – дейді Шаңғы да шаттанып.
– Мен мұндай даланы ешқашан көрген емеспін! – дейді Шана да таңырқағанын жасыра алмай.
– Осындай кереметті бізден жасырып жүрген Айдынды дос дейді-ау.  Бәлем, ол жоқта біз көрсетейік. Сайранды салайық! – деді Коньки даурыға айқайлап.
Сол-ақ екен, оның осы сөзін Шаңғы да іліп әкетіпті:
– Айда, кеттік, достар! Сырғанақ тебе алмай, әбден зарығып, ішқұса болып жүр едім. Енді құмарымнан бір шығатын болдым. Ал, зауладық!
Үшеуі бұрынғы әдеттерімен жазық жерге қойып-қойып кетеді. Міне, масқара! Үшеуі ә дегеннен-ақ көк шөпке оратылып, мұрттай ұшты. Не болғандарын өздері де түсінген жоқ. Тұра салып, көздері бақырайып, бір-біріне қараған. Сонан баяғы әдеттерімен тағы ұмтылды. Бірақ сырғанау жайына қалған.
– Бізге не болды? – десті орындарынан ыңырси көтерілген достар. Бірінің маңдайы жарылып, бірінің танауы қанап тұр. Үшіншісінің үсті-басы көгеріп қалған. Ауырған жерлерін сипалап, өздері әлі де ес жия алар емес.
– Е, білдім, – деді бір кезде Коньки баяғысындай көсемси сөйлеп. – Біз шөп өскен жерде жүр екенбіз ғой. Соған шырмалып құлап жатырмыз. Жүр, онан да ана жазық жерге шығайық.
– Бәсе, бізге не болды десем... Ылғи сырғанап жүрген жеріміз. Жүр, кідірмей, солай барайық енді, – деп Шаңғы да сықырлап қозғала берді.
Бұлар жазық алаңға шықты. Қыста мұнда мұз сіресіп жататын. Машина сирек жүретіндіктен, балалар бұл жерді сырғанаққа айналдырған еді.
Үш дос жерге табандары тимей жатып, алдыға қарай жарыса ұмтылды. Сол-ақ екен, шақыр-шұқыр етіп үшеуі үш жаққа ұшты. Манағы манағы ма, қатты жерде аяқтары көктен келіп, оңбай құлады. Көздерінің оты жарқ ете қалды. Сосын, аһылап-уһілеп әрең дегенде орындарынан қозғалған.
– Бұл не болды? – дейді бір-біріне ыңырси тіл қатып. Енді ойын ойнап, сырғанақ тебу жайына қалып, әрқайсысы басымен қайғы болып кетті...
– Тұрған бөлмемізге қалай жетеміз? – десті үшеуі де. Үшеуінің ішінде ең бірінші ес жиған Коньки болды. Ол сенделектеп орнынан тұрды да:
– Жалпы... Не... негізінен менің сырғанайтын жерім мұз айдыны ғой. Сондықтан... мен айдынға қарай кеттім, – деді намысқа тыртыса сөйлеп. Келсе, айдын беті айнадай жалтырап жатыр екен.
Сөйтіп Коньки айдынға қойып кетті.
Заты темір емес пе, бойын көтере алмастан, тұңғиыққа батып жоқ болды! Сөйтіп, Конькидің мұз айдын дегені су айдыны болып шықты.Оны көріп тұрғандар құтқарып алыпты.
– Сендерді жазда шығармай қойғанымды енді түсіндіңдер ме? – дейді Айдын түрлері әлемтапырық болған достарына кезек қарап. – Әр нәрсенің өз орны бар. Қай-қайсысымыз да сол орнымызды білуіміз керек. Міне, сендер айтқанды тыңдамап едіңдер, не күйге ұшырадыңдар? Көрдіңдер ғой.
– Сені сыртыңнан біраз жамандап едім. Білместікпен айтыппын. Бәрін бастап жүрген мен едім, – деді Коньки ұяла мойындап.
Міне, содан бері Шаңғы, Коньки, Шана деген үш дос жаздыкүні далаға біреу сүйресе де шықпайтын болыпты.

Тимур Давлетгиреев: роликтер (görkorcsolya)

Аида Аманова: роликтер (görkorcsolya)



Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése