Суретші: Агнеш Холас-Гейтси |
Негізгі сөздер: дос, ашу, аспан (barát, dühös, ég)
Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес! Сағат қоңырауы қанша шырылдаса да Ханзада досымның оянар түрі жоқ. Жаттығудан кешіксе басына бәле болады ғой! Жаттықтырушы оны шеңбер бойымен жүгіртіп қойса қатты ашуланатын болады-ау... Мүмкін таңғы жаттығуды басқа күнге ауыстырған болар? Бірақ ол туралы кеше анасына ешнәрсе айтпап еді ғой. Қызық, анасы келіп неге оятпады екен? Қоңырау тағы безілдеді. Ол өшіре салды да қайтадан ұйқыға бас қойды. Тұрғысы келмей жатса демек сабақ жоқ, я болмаса бүгін бір мереке болғаны ғой. Ауырып қалды ма екен?. Олай болса анасы ендігі қолында термометрі, ыстық шайы мен ашты дәрісі бар, осы бөлмеде болар еді.
Күн ұясынан көтерілді. Аспанда түрлі бейнеге ұқсас ақша бұлттар жүзіп жүр. Ханзаданың айналмалы орындығына күн нұрын аямай төгуде. Бұл Шатырдағы терезе сонау көк жүзінде жайылып жүрген қойларды, қорбаңдаған аюларды, өсіп тұрған пальма ағашын тамашалауға таптырмас орын. Бүгін бір керемет күн болғалы тұр. Екеуміз де түк бітірместен күні бойы біресе оң бүйірді, біресе сол бүйірді күнге қыздырып жатамыз. Бір қой, екі қой, үш қой, ит. И-и-и-т? Итті жек көремін. Көршінің Расти деген иті тағы да үрді. Қап, Ханзаданы оятатын болды-ау.Ханзада ақыры оянып, мені жылы орнымнан қуып жіберді. Содан кейін экранның алдында отырып алды да, достарымен бос әңгімеге кірісті. Оған жақындап келіп, кішкентай шаршыдан оның сыныптастарының жүзін көрдім. Міне, мынау оның достары Арон мен Бенс қой, оларды танып тұрмын. Ал экранның жоғарғы бұрышында көңілсіз бір ер адамның жүзі көрінеді. Ол бірнәрсені түсіндіріп жатыр, ал балалар пернетақтаны тықылдата бірнәрсе жазып отыр. Осы кезде анасы кіріп, «Ханзада сабақ оқып отырғанда оған кедергі келтірме, саған бұдан да қызық жұмыс тауып берейін» - деді. Содан кейін мені шомылдырды. Мен суды, әсіресе, жуындыратын жерді иттен бетер жек көремін. Ханзаданың аквариуміндегі суды да жек көремін. Өйткені онда жүзіп жүрген сарғыш түсті алтын балықтарды аулағым келеді. Негізі олар нағыз алтын емес қой, әлде суда жүзіп-жүзіп алтыны шайылып кетті ме екен? Үсті-басым су болғанда үнемі егеуқұйрыққа ұқсап қалатыным бар.
Пошташы хабарласып қалып, әйтеуір үстімді кептіруден құтылдым-ау. Қашып кетпей оның не әкелгенін көріп алайын. Ол Ханзаданың анасына хат берді. Жейтін ешнәрсе жоқ, түк қызық емес. Үйдегілер итке пошташыны қауып алмасын деп тұмылдырық кигізіп қойған, бірақ пошташы да тұмылдырық киіп алыпты ғой. Әлде ол да көрші Иренке тәтені қауып алды ма екен? Е, мейлі, оған несіне бас қатырайын. Онан да жоғарғы жақтағы бөлмеге барып күні бойы сол жақта болайын. Көр де тұр, тамаққа шақырса да түспей қоямын. Әйтпесе душтан кейін не істейтіндерін білем ғой, бір құрылғыны алып денеме бағыттап «бррр» деп гуілдетіп, сосын үстімді тарап әуреге салады.
Бірақ тіс тазалаудан қашып құтыла алмаймын. Өйткені кеше күні бойы шалжиып жатқам, бүгін Ханзада көретін бір фильмдегі есерсоқ профессорға ұқсап қалыппын. Әлгі шашы тұтастай ағарған, уақыт машинасын ойлап табатын профессор ше, соны айтамын. Бірақ бүгін бәрінің әлі үйден шықпай отырғаны біртүрлі екен. Түрлеріне қарасам ауырып отырған ешқайсысы жоқ. Ханзада да менімен әлі ойнаған жоқ, бірақ бос отырған да жоқ. Ешкім тисе бермесінші деп, жүнімді тарауға келістім. Бірақ ол да көмектеспеді, Ханзаданың анасы үй тазалап, перделерді көтеріп, терезені сүртіп, бүкіл жиһазды орнынан қозғалтып жатыр. Әне, мен байқамай түсіріп алған тамақ қалдығын тауып алды. Жарайды, тым артық айтып жібердім-ау деймін. Шындығында маған отыз үш шыбын, екі сүйек пен шала желінген бәліштің түкке керегі жоқ.
Кеше кешкісін қонақ бөлмені жинаған анасы бүгін Ханзаданың бөлмесін де дәл солай жинап шықты. Үй жинағанда ол мені үнемі қуып жібереді. Өйткені жақында көктем келеді, түлеп жүрген кезім ғой, жүнім көрінген жерге шашылып қалады. Сондықтан ол менің қыр соңымнан қалмай, сүйікті диванымнан қуып, парсы кілемінде көсіліп жатып ұйықтауыма мүмкіндік бермейді. Менің үстімнен түсіп қалды деп ойлайтын көрінген жүнді тұмсығыма әкеліп тықпалайды. Мүмкін ол өзінің Рождество кешіне ғана киетін пальтосынан түсіп қалған шығар. Көп ұзамай мені ваннаға ғана ұйықтатын шығар, а?! Мен карантинді ит пен судан бетер жек көретін секілдімін.
Аудармашылар: Вилмош Коппани, Мира Сембайқызы. Редакторлар: Ділдар Мамырбаева
Дина Одесс: ойыншық (játék) |
Кати Боди: қорап (doboz) |
Nincsenek megjegyzések:
Megjegyzés küldése