2021. február 15., hétfő

Қанат Қайым: Тордағы торғайлар

 

Суретші: Жофия Лазар

Негізгі сөздер: кішкентай, қараңғы, сусын (kicsi, sötét, ital)

Сәлімдердің ауылы қаладан қашық емес.  Бірақ, ол қалаға әлі бір рет те барып көрмепті. Сонда тұратын туыстарының баласы Ермек талай мақтанған. Хайуанаттар бағы, цирк, субұрқақтар бар дейді. Теледидардан өзі де күнде көріп жүр, нағыз Алматыны аралағанға ол қайдан жетсін. Сондықтан да Сәлім қалаға баруды көптен армандап жүрген.
Міне, енді жолы түсіп, көкесімен бірге Ермектердің үйіне келді. Ермек айта беретін хайуанаттар бағын да, субұрқақтарды да де көрді. Қалада бәрі де жақсы ғой. Балмұздақ дейсің бе, пепси-кола ма, жоқ квастың түр-түрі ме, кез келген бұрышта сатылып жатады. Дегенмен онда Сәлімге ерекше ұнаған бір нәрсе – Ермектің үйіндегі сайрағыш торғайлар еді. Тордың ішіндегі екі торғайдың кезектесіп әуендеткендері сондай тамаша. “Црю-лю-лю-лю-лю, црю-лю-лю-лю...” деп барып біреуі бастаса, “цип-цип, шик-ширик, цип-цип, шик-ширик...” деп екіншісі іліп әкетеді.

Сәлім Ермектен торғайының біреуін сыйлауын өтініп те көрді. “Торғайлар торда жалғыз тұра алмайды. Сыңар торғай өліп қалады” деп көнбеді.
Сәлім ауылға келісімен, ең алдымен жұмсақ сымтемірден тор жасады. Сосын торғай аулаудың қамына кірісті.
Ежелгі әдіспен астауды төңкерді. Астына таяқ тіреп, бір жиегін көтеріп қойды да, астына аздап жем шашты. Таяққа байланған жіптің бір ұшын қолына ұстап, тауық қораның қалқасына етпеттеп жата кетті. Торғайлар да көп күттірген жоқ. Олар астау астындағы жемге жиналғанда, Сәлім де жіпті тартып қалды. Сөйтіп, алдымен біреуін, сосын екінші торғайды ұстап алды.
Тордың ішіне шамалы жем септі. Кішкентай ыдыспен су да қойды. Содан кейін өзі торғайларына қарады да отырды. Олар түске дейін сайрамады. Түстен кейін тағы келіп қарады. Ешқандай әуен естілмейді. “Бұлар бірден сайрай қоймайтын болар. Сәл уақыттан соң көрермін” деп ойлаған Сәлім балалармен ойнап келуге кетті.
Торғайлары оның есіне екі күн өткен соң барып түсті. Келіп қараса, су құйған ыдысы төңкеріліп жатыр. Торғайлардың екеуі де өліп қалыпты. Сәлімнің денесі мұздап сала берді. Иегі кемсеңдеп, жанарынан мөлтілдеген ыстық жас тамшысы тордың теміріне тырс етті.
Ол көкесімен бірге қалаға тағы да келді. Ермек үйінде жоқ екен. Сәлім бірден-ақ торғайлар тұрған бөлмеге кірді. Ашық терезеден түскен күн нұры бөлме ішін жап-жарық етіп тұр. Терезе алдындағы торда қос торғай кезек сайрайды: “Црю-лю-лю-лю-лю, црю-лю-лю-лю...” “цип-цип, шик-ширик, цип-цип, шик-ширик...”
Сәлім торға жақындап, оның кішкентай есігін ашып жіберді. Торғайлар бірінен соң бірі бостандыққа шықты. Тереземен тұспа-тұс ағаш бұтағына қонып, тағы да сайрай жөнелді: “Црю-лю-лю-лю-лю, црю-лю-лю-лю...”, “цип-цип, шик-ширик, цип-цип, шик-ширик...”.
Сосын кіп-кіштентай құстар биікке самғай ұшып, көгілдір аспанмен астасып бара жатты.

Кати Боди: уайым (bánat)

Екатерина Гузикова: туылу (születés)

Аги Маул: ұшу (repülés)


Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése