Жужа Калаш: Сөзотау |
Боридің ақын Нұржан Түменов пен жазушы Зәуре Төреханмен интернет арқылы ағылшын тілінде жүргізген сұқбатын енді Қазақ тілінде оқи аласыз.
Сәлем! Менің есімім Бори мен Мажар тобына Сөзотау жобасы жайында біраз материал дайындауға көмек беріп жүрмін. Өздеріңіз туралы қысқаша айтып берсеңіздер? Кім боласыздар, осы жобаға қалай келдіңіздер, қазір немен айналысасыздар және тағы да өздеріңіз айтқыңыз келген нәрсе бар болса да айтыңыз.
Зауре: Сәлем, мен бастайын. Есімім Зауре, мен жазушымын және Қазақстанда, Нұр-Сұлтанда тұрамын. Бұл жобаны Норамен бірге бастадық, маған бұл жоба өте ұнады. Досым, ақын Нұржан да бүгін біздің әңгімеге қосылып отыр, ол осы жоба бойынша өз пікірін білдіріп, алған тәжірибесі жайында айтып беретініне өте қуаныштымын.
Нұржан: Сәлем, менің атым Нұржан. Бұл жобаға Зәуренің шақыруымен келдім. Бір бірімізді бірнеше жыл бойы танимыз, оның жазушы, балаларға арнап жазатынын білемін. Әлеуметтік желілерде хабарласып тұрамыз, оның табысқа жеткен Әмина қыз туралы кітабын көріп, естідім. Ол да, мен актер болсам да, бос уақытымда біраз поэзия мен прозамен де айналысатынымды біледі. Бір күні маған осы қазақ-мажар жобасына қатысуды ұсынды. Міне, жобаға осылай іліндім. Мажарлармен алғаш рет жұмыс істегендіктен бұл жоба мен үшін қызық көрінді.
Ия, расымен де, біз Қазақстаннан алшақ орналасқанбыз.
Нұржан: Иә. Бірақ Зәуре екеуміз де бір бірімізді оффлайн көрмедік. Ол ел астанасында тұрса, мен Алматыдамын, 1000 кмдей алшақтық. Ол жер суық, мұнда болса жылы. Біз қыста солтүстікке онша бара бермейміз. Астанаға ат басын қараша айында тіреп едім, суық болғаны сондай, далаға шыққың да келмейді. Мен ол жаққа қыста сүйресең де бармаймын.
Зауре және Нұржан |
Бұл жоба қалай басталды?
Зауре: Шынымды айтсам, бәрі кездейсоқ басталды. 2018 жылы, таңертең шәйімді ішіп отырсам, таңғы жаңалықтардан Қазақстан Жазушылар Одағы форум өткізіп жатқанын естіп қалдым. Ол «Сөз энергиясы» деп аталатын халықаралық дәрежедегі іс-шара екен, сөйтіп сол жерге баруға ұйғардым. Ол кезде мен Алматыдан елордаға жаңа ғана көшіп барған едім. Мен форумға келгенде, әлемдегі түрлі елдерден келген сала мамандарын, жазушыларды тыңдадым. Ең соңында Мажарстаннан келген сымбатты, жарқын жүзді, күлімдеген бір жазушы келіп сөз сөйледі, ол Нора Майорош болатын. Нора өз сөзінде ‘Író Cimborák’, яғни «Жазушы Достар» атты ақын-жазушылар мен суретшілердің шығармашылық бірлестігі жайында айтып берді. Оның сөйлеген сөзі мені шабыттандырды, ол форумдағы басқа баяндамашыларға қарағанда ерекше көзге түсті, әрі тыңдарманға ой салды. Баяндамашылардың көбісі өз еліндегі әдебиет саласындағы проблемалар жайында, қаржы тапшылығы, кітаптарды шетел нарығына шығару тосқауылдары жайында айтып жатты, барлығы негативті сарында еді. Ал Нораның баяндамасын тыңдағанда өзім үшін жаңалық ашқандай болдым, сөйтіп Норамен танысып, Мажарлардың ерекше тәжірибесімен танысуға асықтым. Келесі күні, панельді отырыстарға қатысқанда, мен Нораны қайтадан кездестірдім, ол Қазақстанның шығармашыл жандарымен бірге әдеби коллаборация жасауға ұсыныс жасады. Мен әдебиетке 2014 жылы ғана бет бұрған едім, оған дейін банк жүйесінде Халықаралық байланыстар бөлімінде қызмет еттім. Нора екі ел арасында осындай қарым-қатынас орнатуға ұсыныс жасағанда, «Ойбай, ондай ірі жобаны қалай жүзеге асырамын?» деп ойланып қалдым. Тап сол кезде Қазақстан Жазушылар Одағының Балалар әдебиеті секциясының басшысы Нұрдәулет Ақыш аға біздің әңгімемізге келіп қосылды. Ол осындай бастаманы қолдайтынын айтып, қызықты бір жобаны жүзеге асырғысы келетінін айтты.
2019 жылы біз қандай жобаны жүзеге асырғымыз келетіні жайында мың ойланып, жүз толғандық. Екі елді не байланыстыратынын, арамызда қандай ортақ символдар бар екенін іздедік, сөйтіп киіз үй, бүркіт, жылқы, күн және тағы басқа символдарды таңдадық, бірақ ол ойымыз жүзеге аспады. Алдымен, бір тақырыпты таңдап, барлық ақын-жазушылар осы тақырыпқа шығарма жазу керек деп шештік, бірақ кейін келе Нора өз жанына команда жинап, Мажар тобын ұйымдастырғанда, олар Қазақ-Мажар сөздігін жасауға ұсыныс жасады. Ол сөздікті құруға оңай болмады, себебі ондай сөздік бұрын соңды болған емес. Сол кезде мен Фейсбукке пост жазып, Мажар тілін білетін адамдарға іздеу салдым. Будапешт Университетінде оқыған Марат Уатқан ағамыздың көмегі зор болды. Сонымен қатар, сыныптасым София да кезінде Будапештте жоғары білім алып, Мажар тілінде еркін сөйлей алатыны есіме түсті. Ол жұмыстан кеш оралса да, екеуміз түн жарымнан сағат екіге дейін жазысып, София маған есіне түскен сөздерді жазып берді, мен сол сөздерді көшіріп, сөздікке еңгіздіріп отырдым. Мажар тобы өз сөздерін, біз өз сөздерімізді қосып жаттық, жұмыс қызу жүрді. Мажар тілінде Түркі тілінен қалған және Қазақ тіліне сай келетін сөздерді табу үшін, мен көптеген ғылыми жұмыстарды, монографияларды іздеп оқыдым. Сондай-ақ екі елге, екі мәдениетке ортақ болуы мүмкін сөздерді таңдап алуға тырыстым.
2020 жылдың басында біз бір уақытта екі елде әдеби байқау жарияладық. Нәтижесінде 16 қазақ жұмысы, 26 мажар жұмысы, барлығы 40 астам жұмыс келіп түсті. Ол шығармалардың барлығын екі тілге аудару біз үшін өте қиынға түсті. Қазақ тобы бастапқы сатыларда маған көмек бере алмады, барлық жұмыстарды жалғыз өзім атқаруға тура келді. Тәжірибем де, уақытым да аз болған соң, қатты қиналдым, барлығын тастап кеткім де келген уақыт болды, бірақ Нора, Нұрдәулет аға, Бабақұмар аға, Нұржан және Қазақ тобының қатысушыларының көмегі тие бастағанда, осы жобаны ары қарай жүзеге асыруға, келесі қадамдарды нық басуға әліміз жетті. Бүгінде барлық қиындықтар артта қалып, жоба жүзеге асқанына өте қуаныштымын.
Нора Майорош, Зәуре Төрехан және Нұрдәулет Ақыш 2018 жылы өткен Қазақстан Жазушылар Одағы ұйымдастырған «Сөз энергиясы» конференциясында түскен суреті |
Нұржан, алып қосарыңыз бар ма? Сіз жобада қандай рөл атқардыңыз?
Нұржан: Айтқанымдай, бұл жобаға Зәуре шақырған соң қатыстым, көбінесе аударма жасаумен айналыстым.
Бұл жоба бойынша арнайы бір мақсатты алдыңызға қойдыңыз ба, әлде ол қалай жүретінін жай бақылап отырсыздар ма?
Нұржан: Зәуренің айтуы бойынша, ол бастапқыда антологияны басып шығаруды мақсат тұтты. Ол Мәдениет министрлігінің конкурсына қатысып, антология шығару үшін қаражат табуға ниеттенген еді. Егер осы ниетіміз жүзеге асса, онда кітаптарымыз қала мен ауыл кітапханаларына жетіп, презентациялар өткізіліп, оқырмандарымызбен кездесулер өтетін болады. Оған қоса, біздер Мажарстанға барып, мажарларды Қазақстанға шақыратын едік. Ол әуелгі жоспарымыз.
Тұңғыш Президент — Елбасы қорының грантынан да үміттенгенбіз. Алайда, жас мөлшерінің шегі 40-қа ғана дейін болғандықтан, (ал біздің қатысушылардың жасы одан жоғары), тіркелген ұйым болмаған соң да грантқа қатыса алмадық. Мажарстанның Петофи Әдебиет Қорының грантына да үміт артқанбыз, ол үшін елімізде шығынның жартысын мойнына алатын баспахананы табу қажет еді, өкіншке орай пандемия саларынан бұл ниетіміз де іске аспады. Сондықтан барлық аударманы өзіміз жасауға тура келді. Қиын болды, бірақ біз оны жүзеге асырдық.
Ал Қазақстаннан кімдер қатысты?
Нұржан: Жазушылар, ақындар, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері қатысты, Алтын қалам деген тәуелсіз мүшәйрәнің жеңімпаздары да бар. Біраз суретші мен иллюстраторлар да бар. Жобамызға әдемі каллиграма жасаған екі суретшіні айта кету керек. Олар Қайрат Жәйірбек пен Аңсаған Мұстафа (белгілі суретші, мультипликатор мен әйгілі дизайнер, футболкалардың үстіндегі принттардың авторы). Оған қоса Шабыт университетінің студенттері, аудармашылар мен өнер қайраткерлері де бар … және айта кететін жайт, біз жақтан тек Қазақстанда тұратындар ғана емес, Нью Йорк, Мәскеу, тіпті Бангкоктан да адамдар қатысты. Ресейдегі қазақ мәдени орталығы да бізге орасан зор септігін тигізді. Ұлт бойынша тек қазақтар емес, басқалар да ат салысты.
Аудармамен айналысқандар ішінде мен де болдым деп айттым. Аударуда қиыншылық туғызған жағдай: бізде қазақ пен мажар тілдерінің арасында тікелей аударма жоқтығынан, бәрін әуелі ағылшын тіліне одан кейін өз тілдерімізге аударуға тура келді. Мен екі үш өлеңді ағылшыншадан қазақшаға және қазақшадан ағылшыншаға тәржіма қылдым. Тәжірибемде бұндаймен алғашқы рет айналысқаннан бұл әуелде қиынға соқты. Әсіресе поэзияны тәржімалау оңайға түспеді. Поэзия тілі тафтологияны кешірмейтін поэтикалық тіл, яғни оны түсіну оңай шаруа емес. Сондықтан мен оны сынақ ретінде қарастырдым. Меніңше ақындар мен аудармашыларға сынақ пайдалы іс. Бір тілден екінші тілге одан ары үшінші тілге аудару кері ықпал етеді әрине, талай нәрсе осы аударма кезінде жоғалады деп ойлаймын.
Мен қазақшаны білмегендіктен, түпнұсқаларды оқи алмадым, алайда, қазақ тексті мажарша керемет берілді деп ойлаймын. Әлбетте біраз нәрселер аударма кезінде жоғалса да, кереметтілігі жойылмады.
Нұржан: Поэтикалық тіл ерекше әрі қиын болғандықтан, кейбір сөздерді өзім де түсіне алмай дал болып, ақынның өзінен сұрап біліп тұрдым. Содан соң осы сөздің ағылшын тіліндегі дәл баламасын тауып жүрдім. Ал Мажар өлеңдерінің арасынан ит жайлы өлеңді аударғаным есімде қалды. Ол нұрдан жаралған ит туралы өлең еді.
Зауре: Ол бір ерекше өлең еді. Жан туралы, соны айтасын ба?
Нұржан: Иә, жан туралы!
Зауре: А, мен оны таптым, ол Моника Эгридің өлеңі.
Нұржан: Иә, дәл өзі! Эгри Моника. Тіпті ол өлеңдегі эмоцияларды түсіну үшін, сол өлеңді Мониканың өзі оқып жіберген аудиосын тыңдадым.
Зауре: Ия, дұрыс. Аударма жасау қиынға соқса да, біз жарадық, аударма жоғары сапада жасалды. Ол шығармалар екі тілде де сапалы, оқырманға түсінікті деп үміттенемін. Кейбір аудармалар расымен қазақ тілінде жазылғандай естіледі деп ойлаймын. Барлық шығармаларды әртүрлі адамдар аударды, сондықтан олардың сапа деңгейі де әртүрлі. Кейбірімізде сәтті шықты, басқалары қолынан келгенше тырмысты, бірақ ақыры ол шығармалар мықты редактор — Ділдәр Мамырбаеваның қолынан өтті, сондықтан ол прозалық шығармалар жоғары сапалы, өте сәтті шықты.
Зауре Төрехан: Айша және Үй пірлері |
Өлеңдер туралы айтсақ, маған бірнеше жұмыстар ұнады. Моника Чиктің «Залазар мен Тобиаш», Хенриетта Сөчтің «Менің дем алғым келеді» атты әзілге толы шығармалары ұнады, олар расымен күлкілі. Сондай-ақ Киш Лехелдің «Қанаттар жайылғанда», Ката Ташидің «Жетімдер балладасы» өлеңдері ұнады. Жолт және Моника Микя жазған «Үш есім» өлең балладасы мен ертегісі де маған ерекше әсер етті. Прозалық шығармалар арасында Нора Майорош, Эмма Майорош, Ребека Пот, сонымен қатар Рита Сечейдің «Інжу ішінен шыққан құс» ертегілері ұнады. Дегенмен бәрімізге ерекше ұнаған шығармалар ол Эмөке Варфалви мен Марианна Таллианның ертегілері. Марианнаның ертегісі біздің Қазақстанымыз, Алматымыз туралы! Ол ертегілердің иллюстрация суреттері де тамаша. Менің пікірімше, шығармалырдың көбісі өте мықты, аудармасы да жоғары деңгейде. Осы жерде Нұржанға алғыс білдіргім келеді, себебі ол көптеген қазақ тіліндегі жұмыстарды ағылшынға керемет етіп аударып берді. Нораға және мажар тобына ол аудармалар ұнады деп үміттенемін. Сондай-ақ қазақ тобының үлкен досы Бабақұмар Хинаят ағамызға алғысымыз шексіз, ол қазақ қатысушыларының көптеген шығармалырын тікелей мажар тіліне аударып, бізге зор көмегі тиді. Оған қоса, ол мажар тіліндегі кейбір жұмыстарды аударып, түсінбеген жерде түсіндіріп жатты. Осындай шығармалардың бірі Шимон Река Жужаннаның шағын әңгімесі еді. Біз оның мағынасын түсіне алмай, әбден қиналдық, бірақ Бабақұмар аға ол шығарманы жай ғана аударып берген жоқ, ол шығарманың астарында не жатқанын, бозкілем өсімдігінің қар басқан суретін де жіберіп, бізге көмек берді, сөйтіп тобымыздағы Алтыншаш Жақиянова апайымыз ол прозамен шабыттанып, сол шығарма желісімен өлең шығарды. Айтпақшы, бір қызықты жағдай, біздің әдеби бәйгенің қатысушысы, қазақ тобының мүшесі Алтыншаш апай Нұржанның ұстазы.
Нұржан: Иә, біз бұны әуелде білген жоқпыз. Ол мектептің суреттерін чатта көрсеткеннен кейін ғана мен: әй бұл менің мектебім ғой деп таңғалып жаздым. Оның жұбайы менің сызу мұғалімім болды, қызын да білетінмін, менен бір класс жоғары оқитын.
Нұржан: Иә, біз бұны әуелде білген жоқпыз. Ол мектептің суреттерін чатта көрсеткеннен кейін ғана мен: әй бұл менің мектебім ғой деп таңғалып жаздым. Оның жұбайы менің сызу мұғалімім болды, қызын да білетінмін, менен бір класс жоғары оқитын.
Уау. Не деген тар әлем!
Нұржан: Алтыншаш апай керемет ақын боп шықты, өйткені менің жұмысым өлеңді сөзбе сөз етіп аудару ғана еді. Ал оның жұмысы сол жолма-жол аудармадан өлең шығару еді. Зәуре айтқандай ол тіпті мүлдем бір жаңа өлеңді мажар өлеңінің желісімен жазып шығарды. Ал мен оны оқып шыққанда қайран қалдым! Ол өлең табиғат жайлы тамаша туынды. Деңгейі жоғары шығарма. Ал маған негізі қазақшадан ағылшыншаға аудару оңайырақ түсті, өйткені мен ақынның өзінен тікелей сұрап алуға мүмкіндік болды.
Зәуре Төрехан: Әмина Тұран көшпенділер елінде және кітап иллюстраторы Нұрлан Әбішев кітап желісі бойынша комикс салуда. |
Нора да аударма қиындықтары жайында біраз сөз қозғап, Мажар тобының қандай қиындықтарға тап болғандығын баяндады. Айтуы бойынша прозада да, поэзияда да мажар және қазақ шығармалары тіпті құрылымы бойынша бір бірінен ерекшеленеді. Мажарлар да кейбір шығармаларды қалай аударатынын білмей, талай рет қызу талқыға салды.
Зауре: Ия, біз де аударма жасағанда мажар әдебиетінің біраз ерекшеліктерін байқап қалдық. Норадан сұрап білгенімдей, Мажар тілінің ерекшеліктеріне байланысты хикаяның бас кейіпкері кім екенін жасырып қалуға болады екен, яғни ол жынысы бойынша әйел адам ба, еркек пе? Онысын тек хикая соңында ғана анық білуге болады. Ол біз үшін күтпеген жағдай болды, себебі қазақ тілінде оқиға желісінде бас кейіпкер бірден айқындалады. Оқырман хикаяны оқып отырғанда бірден кейіпкердің жынысын, жасын біле алады, ол ұл бала ма, әлде қыз ба, әйел ме, еркек пе… Сол себептен, мажар тілінің, мажар әдебиетінің бұл ерекшелігі бізге қызық көрінді. Сондай-ақ мажар прозасында автор оқырманға бар шындықты бірден жайып салмайды, ол оқиғаның мәнін құпия ұстап, оқырманды соңына дейін еліктіріп ұстауға тырысады. Яғни шығарманы оқыған кезде оның не жайында айтылып жатқаны ең соңында ғана ашылады. Кейбір шығармалар ашық аяқтамамен бітеді, яғни ол хикая нақты аяқталмайды, жалғасы бар деген сөз. Нораның айтуынша қазақшадан мажар тіліне аударғанда олар да қазақ шығармаларының біраз ерекшеліктерін байқады. Мысалы үшін, бізде де көп шығармалардың оқиға желісі шығармамен бітпейді. Менің ойымша, оның себебі өмір әрі қарай жалғасады, кейіпкерлер де әрі қарай өз өмірін сүреді емес пе?! Қазақ прозасының бұл ерекшелігін мен бұрын соңды байқамаған болатынмын, бірақ енді білетін болдым.
Менің ойымша Мажар командасы да мажар тілінен ағылшын тіліне аударудың алдында ол ерекшеліктер жайында ештеңе білмеді. Енді осы тәжірибеден бір қорытынды шығарған болар.
Зауре: Негізі бұл жазушылар үшін тамаша тәжірибе, себебі қазақ оқырмандарына жазған шығармалар шетел оқырмандарына кей кезде түсінікті бола бермеуі мүмкін, кейбір қазақ халқына тән түсініктерді, сөздерді аудару, оқырманға түсінікті етіп жеткізу өте қиын, кейде мүмкін емес те. Сондықтан қазақ жазушылары шетелде түсінікті болуы үшін қалай жазу керек екенін, аударманың қалай жүзеге асатынын білу, аударма қиындықтарын өз басынан кешіру үлкен тәжірибе.
Бұл тамаша! Тобымыздың бірнеше мүшелерімен Мажарстандағы балалар әдебиетінің ахуалы және балалар жазушыларының елімізде сый құрметке ие ме? сол жайлы сөйлестік. Ал Қазақстанда жағдай қалай?
Зауре: Біз Нора екеуміз қазақ және мажар тілдерінің өз елдеріндегі қолданысы жайында көп сөйлескен болатынбыз. Біздегі жағдай мәз емес, барлық қазақ өз тілінде еркін сөйлей алмайды. Қазақ тілі мемелекеттік тіл мәртебесін иемденсе де халық оны күнделікті өмірде көп қолданбайды, үйренгісі де келмейді. Ондай адамдардың сылтаулары көп, бірі оқитын әдеби шығармалар жоқ десе, екіншілері сөздіктер мен әдістемелер жоқ дейді, тсс… Ал біздің жобадағы мақсатымыз қазақ тілін ілгері жылжыту, халқымызға қазақ тілінде заманауи әдебиетті оқуға мүмкіндік беру. Осы шағын және тілі жеңіл хикаялар арқылы қазақ тілін еліміздің түкпір-түкпірінде, ауылдар мен елді-мекендерде тұратын оқырмандарға қол жетімді ету. Оқырмандар шығармаларды онлайн оқып, біздің жобаға қатысу мүмкіндігін алады. Ол жазушылар үшін ғана емес, оқырман үшін де тамаша тәжірибе.
Қазақстанда екі әдебиет қатар жүр: ол қазақ әдебиеті мен орыс әдебиеті. Оқырмандардың көбісі әдебиетті орыс тілінде оқиды, себебі еліміздегі материалдар, дерек көздері мен сапалы кітаптар көбінесе орыс тіліне аударылған. Ал Ресейдің баспалары қазақ кітап нарығының 90% иемденіп отыр. Қазақ тілді кітаптарға көрсетіліп отырған қаржылық көмек жоқтың қасы, қазақ тілінде жазатын жазушылар сапалы беттелген, көз тартарлық мұқабасы бар кітап шығаруға ақшасы жетпейді, себебі Қазақстанда кітап шығару өте қымбат. Елімізде не қағаз, не бояу өнімдері шығарылмайды, барлығын шетелден импорттаймыз. Біздің баспалар да дәл сондай жағдайда, олар ақшаларын қазақ тілді кітапқа инвестициялай алмайды, себебі олар коммерциялық тұрғыдан өзін өзі ақтай алмайды. Менің білуімше Қазақстан тұрғындары қазақ тілінде кітап оқығысы келеді, сондықтан Сөзотау сынды халықаралық жоба заманауи жаңадан шыққан қазақ және мажар шығармаларымен тегін танысудың бірден бір таптырмас мүмкіндігі.
Нұржан: Мемлекет тарапынан әсіресе қазақ жазушыларына көмек керек, өйткені орыс тілді нарық оқырмандар арасында кең танымал. Елімізде ана тіліміздің жағдайы сынға ұшырайды. Жазушылар үшін, мысалы орыс тілінде жазу қаржы жағынан тиімдірек, өйткені нарық та едәуір үлкенірек әрі ахуал да жақсы…. бәлкім келешек ұрпақ ағылшын тілінде де жазар, не дегенмен ағылшын кітап нарығы әлемде тіпті де үлкен. Егер мемлекет қол ұшын созбаса, болашақта жағдайды түзеу қиынға соқтырады.
Ал сөз соңында мынаны айта кетейін, Зәуре осы жобаға қатысты сұрақтарды талқылау үшін ватсаппта әдейі бір чат құрды. Бұл чатта кейде сондай бір қызу талқы болып жатады. Кейбір сөздің мағынасының айналысында, иллюстрацияның тақырыпқа сай келетінінің айналасында не деген қызу дискуссия, пікір алмастыру, дауласу өтіп жатады. Ол маған әрине өте ұнайды. Менің ойымша, жобамыз үшін осының бәрінің пайдасы орасан зор болды.
Тамаша! Меніңше бүгін барлық маңызды тақырыптарды қамтыдық. Қосатыныңыз бар ма?
Зауре: Қазақстан және қазақ әдебиеті жайында сөйлесуге уақыт тапқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Мен де мажар әдебиеті жайында білуге құштармын, сол себептен Норадан мажар тілі, тарихы, қалалары жайында сұрастырып жатамын. Мен осы жобаға қазақ жағынан қатысқаныма өте қуаныштымын, көп нәрсені тоқыдым, үйрендім. Мен үшін ғана емес, қазақ ақын-жазушылары үшін де жаңа тәжірибе. Біз бәріміз де өзімізбен өзіміз жұмыс істеп, жалғыз болуға үйреніп кеткен едік, бізде осындай Író Cimborák (Жазушы Достар) сияқты бірлестік ешқашан болған емес. Осы тәжірибе біздің жазушыларды шабыттандырды, қанат бітірді, жаңа жобаларды іске асыруға талпындырды. Мажарстанда үй-күйсіз жүрген адамдарға шығарма жазу арқылы қаражат жинап, көмек беру жобасы бізге қатты ұнады. Болашақта біз де осындай жобаларды ұйымдастырғымыз келеді. Осы жобамыздың нәтижесінде Қазақ-Мажар антологиясын жарыққа шығарып, Қазақстанда түрлі кездесулер, кештер ұйымдастыруға ниеттіміз, мүмкіндік болса осындай іс-шаралар Мажарстанда да өткізілсе дейміз. Осы ойлаған ойларымыз іске асса нұр үстіне нұр болар еді. Ал егер ойымызды жүзеге асыра алмасақ, онда бұл да біз үшін үлкен жетістік.
Мен Нораны ерекше атап өткім келеді. Оның энергетикасы, маған көрсеткен қолдауы ұнады, ол мейірімді, өте жақсы адам, аударма сияқты күрделі мәселелер туындаған кезде оның өзін өзі қалай ұстағаны ұнады. Осы жоба барысында Нора мені әрдайым қолдады, қиындықтар туындаған кезде мажарлар не істейтінін айтып өз тәжірибесімен бөлісті және ол креативті шешімдер мені қатты шабыттандырды. Сондықтан осы жоба үшін, достығыңыз үшін, көмегіңіз, қолдауыңыз үшін үлкен рахмет және бұл өте керемет болды! Пандемия кезінде бұл жоба мен үшін таза ауа сияқты еді! Біздің команда да дәл солай, қызықты коллаборацияға қатысқанына өте риза, мүмкін болашақта да жаңа нәрсе ойлап тауып, жаңа жобаларды асырамыз ба деп үміттенемін.
Мен де сізге жоба жайлы әңгімелесуге уақытыңызды бөлгеніңіз үшін зор алғысымды білдіремін! Мен үшін ол әрі қызық әрі шабытты болды. Антологияңыздың баспадан шығуына тілектеспін. Өйткені ол үлкен бір мүмкіншіліктерге апарады!
Боридан қысқаша түсініктеме:
Мажар тілі де Қазақ тілі сияқты жағдайда болған, ол 19 ғасырда Аустриялық-Мажарлық монархия кезінде орын алды. Мажар тілі мемлекеттік тіл болса да неміс тілі күнделікті өмірде көп қолданылатын. Мажар тілінің аман қалуы және заңды орнын имеденуі реформациялық эрадағы неологистердің арқасын еді. Сондай-ақ тағы бір маңызды әрі қызықты жайт — неологисттер тілдің маңыздылығын түсінген кезде, олар өлең құрылысы қаншалықты қатып қалғанына көзі жетті, сөйтіп өлеңді еркін формада шығаруға тырысты, сондай-ақ прозаның мазмұны да патриоттық, ұлттық және ағартушылық болуы керек екенін түсінді. Мажар тілінің жаңаруын қолға алып жүрген кезде басқа жұмыстармен қатар, олар мажар прозасы мен поэзиясын реформалаумен де айналысты.
Сұқбат кейіпкерлері Сөзотау — қазақ-мажар балалар әдебиеті шеберханасының қатысушылары болып табылады, олардың шығармаларын келесі сілтемеден көре аласыз:
Зауре Төрехан
Нұржан Түменов
Нұрдәулет Ақыш
Нұрлан Әбішев
Сонымен қатар, басты рөлді Нұржан Түменов сомдаған күлкілі және қысқа метрлі үнсіз фильмді тамашалай аласыздар:
Nincsenek megjegyzések:
Megjegyzés küldése