Oldalak

2021. március 7., vasárnap

Шандор Шмелка: Дүние – ғайып

Суретші: Янош Сүди

Негізгі сөздер: батыр, саз аспабы, дауыл (bátor, hangszer, vihar)

Шөл далаға салынған қаланың үлкен әрі даңқты екені көп жұртқа мәлім. Кең көшелері мен сарайларды, ғажайып бақтарды биік әрі бекем етіп салынған қамалы қорғайды. Қала базарларынан алыс елдерден керуен әкелген таңсық заттарды сатып алуға болады, олар: алтын, асыл тастар, экзотикалық жемістер, жібек маталар, өткір қылыштар мен қанжарлар, зергерлік бұйымдарға қоса түрлі ұсақ-түйек заттар.  
Бір сөзбен айтқанда, бұл қала өте ыңғайлы жерге салынған, бірақ бұл қалада ешқашан жел соқпайды, құс ұшпайды, тып-тынық. Тіршілік айрандай ұйып қана ұйықтап жатқандай. Ата-әжелердің өзі ата-бабаларының желдің шын мәнінде не екенін, шағаланың шарқ ұрған қанатындай қыздардың жібек шашын  желбірететінін, тал-теректі, бұтаны теңселтіп, үйдің төбесінде ойнақ салғанын ертегідей әңгімелейтін. Ең бастысы, сол заманда қаладағы ең биік мұнараның басына ілінген арфа үні ара-тұра естіліп қалады екен. Бір кездері бұл аспап қаланың мақтанышы боп даңққа бөленіпті. Оның әуезді үні алыс-алыс елдерден келген саяхатшылардың жүрегінің шыңырауын баурапты. Біз осы әңгімені айтып отырғаннан  жүз жыл бұрынғы ұрпақ оны естімеген. Себебі жүз жылдан астам уақыт бұрын да бұл маңда жел тұрмаған.Осылайша қалада жүз жылдан бері жел тынып, жапырақ сілкінбей тыныштық орнады. Шатырдағы желбағарлар ысқырып, ағаштар мен бұталар шайқалмады, базардағы жібек маталар желден желпілдемеді, қабырғаға ілінген жалаулар желбіремеді, тіпті қыздардың жібек шашын жел желпілдетіп ойнамады. Қаладағы ең биік мұнараның басына ілінген арфаның жүз жылдан бері үнсіз тұрғаны қала халқын жалықтырып жіберді.  
Алайда бір күні ай толған кезде аңызақ дала терең күрсініп, бұрын-соңды болмаған дауыл көтерілді. Мұндай дауылды қаладағы жасы ең үлкен деген  қарттың өзі де көрмеген еді. Жел желкенін желбіретіп соңғы жүз  жылда алғаш рет әткеншектерді жұлқа тербетуді, жалауды желбіретуді, бұтақтарды шайқап, жылқының жалын тарауды ұмытып кеткені есіне түскендей, есесін қайтарғысы келгендей долдана құтырды. Дауыл екпінінің ызбарлануы сонша, тек бұтаны ғана емес ағашты түбірімен жұлып, тіпті үй шатырларын қаңбақша ұшырды. Желбағарлар шыр көбелек айналып, дауыл қаланы түгел құмға көміп тастады, бұрын-соңды көрмегенді көрсетті. 
Адамдардың аңыраған бұрқасынды қызықтауға мұршасы келмеді, жертөлелерге тығылып жан сауғалады. Қала тіршілігі табиғаттың мұндай сынына шыдамады. Үйі қирап, далада қалғандарға көмектескен ер жүрек адамдар да болды. Дәл осы адамдар дауылдың шуылына қарамастан соңғы жүз жылда алғаш рет арфаның керемет әуенін естіді. Бұл әуен олардың адамгершілігіне орай берілген сый іспетті еді.  
Дүние бір қалыпты тұрмайды. Арада аз уақыт өткенде арфаның сазды үні бұл адамдарды жалықтырып жіберді. Оның дыбысы ашуға тиетін болды. Бір күні дауыл басылғанда, шатырдағы желбағардың да үні шықпай қалды, тал-терек үн-түнсіз тіршілігін жалғастырды. Үй шатырының қирағанын айтпағанда, дауыл салған ойран, ең биік мұнараның басындағы арфа аспабының қиын кезде қолдау көрсетіп, сазды үнін әуелеткені тәтті естелік болып есте қалды. 

Аудармашылар: Эрика Xисем, Адина Жүсіпова. Редактор: Ділдәр Мамырбаева


Жолт Микя: жел (szél)


Aйсұлу Алмасбаева: жел (szél)

Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése