Oldalak

2021. február 2., kedd

Моника Микля-Лужаньи: Үш елес

Суретші: Мелинда Вайда

Негізгі сөздер: түс, дыбыс, ай (bíbor, erdő, kard)

«Баланың үш түрлі ныспысы бар еді: Аттала, Аңғар және Күриеле. Ол үш түрлі түс көретін. Бірінде – Аттала, енді бірінде – Аңғар, үшіншісінде – Күриеле болатын. Түс көріп жатып оянған кезде өзінің Аттала, әлде Аңғар немесе Күриеле екенін білетін. Ал түсінен таза айыққанда, өзінің кім болғанын есіне түсіре алмайтын».

(«Үш есім поэмасының сюжетіне және оның тууына дем беріп, әсер еткен Микля Жолтының поэмасынан») 

*** 

Миа кірпіктерін айқастыра алмай-ақ қойды. Жарқырауық шеңбермен қорғаланып алған ай нұрын шашып тұр. Қала баяғысынша, буырқанған тіршілікке бой ұсынған қалпында. Айналаны жүйке жұқартар тылсым күш дендеп алғандай. «Бір қатердің болары анық, – деп ойлады Миа, – мынау жағымды жай емес, үрейлі бірдеңе». Оның осындай қорқынышы үдеп бара жатқан үрейге қарсы тұрып, жападан жалғыз қарсыласуға қауқары жоқ еді. 
Миа жаңа ай туғанда кездестірген бозбала Аттала жайлы ойлады. Сол күнгі түн де түнегін айқара бүркеніп алып еді. Қараңғылығы сондай, көз іліндіру мүмкін емес болатын. Бүкіл қала қара жамылғандай, жыбырлаған тірі жан байқалмайды. Тек бір әуен, түн тыныштығын алыстан естілген беймәлім бір сарын тербетіп тұрғандай.
Миа киініп алды да, осы бір әуеннің иесін іздеп кетті. Қараңғы қапасқа бөленген қалада кетіп бара жатқанда, көзіне ештеңе көрінбеді. Ол тек сыбырлаған сыбыстың соңынан еріп барады, жолбасшысы – жаңағы әуен. Сол тәп-тәтті, беймәлім әуен. 
Ол бозбаланы теңіз жағалауынан тапты. Жағалауды толқын аймалап тұр. Тек қана айлаққа ұқсас жұқалтаң сүрлеу ғана  суға сұғынып жатыр. Бозбала қап-қара боп түнерген судың түпсіз, қошқыл тартқан тереңіне үңіліп, құмдауыт айлақта қимылсыз отыр. 
Миа ол ойнап отырған саз аспабын да, қай тілде әуендеткенін де ұқпағанымен, оның әрбір сөзін жан-тәнімен сезінді. Әннің айға арналып айтылып, оның тұңғиықтан шығуын тілеп тұрғанын түсінді. 
Ол тұңғиық аспан аясында жапырақтай жарты ай болып жарқ етті. Ай қайыққа ұқсайтын еді. Ол теңіз толқынымен қалықтап келіп, бозбаланың дәл аяқ тұсындағы құмдауыт айлаққа жайлап қонақтады. 
Бозбала орнынан тұрып, Мианың қолынан ұстады. Оның бойы ұзын, түрі айбынды, көздері тұнық, қарақаттай мөлдір еді. 
–  Миа, менімен бірге жүр! - деді ол қызға. – Мен сені әкемнің сарайына алып барамын да, екеуміз қосыламыз, сен бүкіл әлемдегі ең әдемі ханшайым боласың. 
–  Сен  кімсің? - Миа сұраулы жүзбен таңырқай тіл қатты.
–  Аттала, Шығыс Аспанының ханзадасымын. Маған ілессең, мен сені бақытқа бөлеймін. 
–  Бара алмаймын, - ол басын шайқады. – Әзірге бара алмаймын ... 
Жас жігіт жабырқау түрмен иығын қиқаң еткізіп: 
–  Қалауың білсін. Мен саған әлі екі рет келемін. Алайда, сенің мені қайта тануыңа күмәнім бар, – деді. 
–  Неге? Неліктен мен сені тани алмаймын? – деді, Атталаның бейнесі көкейінде сақталатынына сенімі мол Миа. 
–  Өйткені ол мен болғанмен, мен болмауым да мүмкін. 
Миа тағы да бір сауалдар қоюға оқталғанымен, қайық ары қарай қашықтай қалқып, көп ұзамай аспан аясындағы аядай ғана орақ қалпына айнала берді. 

***

Осы оқиғадан кейін Миа жағалауға жиі келуді әдетке айналдырды. Ауқымды құмдауыт жарқабақта отырып, ханзаданың келуін тағатсыз күтті. Көз жанарын айға  қанша  қадағанымен, ол бәрібір қайта қайыққа айналмады. 
Ай қаншама толайым толықсығанымен, айналасына нұрын шашқан жарты айға айналғанымен, табанын жерге тигізуге құлқы болмады. Миа болса, ханзадасын әлі де болса күтіп жүр. Тіпті, теңіз адуынды толқындарымен жағаны сабалағанда да, алай-дүлей теңіз дауылы буырқанғанда да  күтуден жалыққан жоқ. 
Ол ерніндегі тұздың сортаң дәмін сезінгенімен, оның теңіз татымы, әлде өзінің көз жасының дәмі екенін ажырата алмады. Ол Атталаны таң шапағы көкжиектен аунап түскенше, түн қараңғылығы қала қалқаймасынан ары ауып кеткенше күтті. Содан кейін ол, айналасындағы халық нөпіріне қарауға шамасы келмей, діңкелеп шаршаған беті үйіне қарай аяңдады. 
Ай болса, түннің ажарын аша нұрландыратын болды. Ал адамдар үшін мәз-майрам мереке, шарасынан асып шалқыған көңіл қажет еді. Мианың олармен араласқысы келген жоқ. Өзінің айналасындағы дарақы музыка мен жабайы айқайлардан  оның жан-дүниесі адам айтқысыз жапа шегіп жатқан болатын. Оның есіл-дерті Атталаның таңғажайып аспапта орындаған әуеніне  ауып тұрған. Ол, тек қана бір әуен, Атталаның түсініксіз  тілде орындаған әнін ғана тыңдағысы келеді.
Бірде ол теңіз жағалап келе жатып, көңілді жігіттер тобына жолықты. Олардың қолдарында шарап толы құмыралары бар еді. Бәрі жабылып томпақбет бір бозбаланы келеке қылуда: 
–  Ал, айта қойшы, сен өзі кімсің, бұл жерге қайдан келгенсің? - дейді олар. 
Бозбала тәлтіректеп барып, тоқтай қалды. Өзіне ие бола алмай тұрғаны сондай, құлап қалмау үшін, қабырғаға сүйене кетті. Оның үстіне, бір аяғы екіншісінен қысқалау болғандықтан, тіпті сап-сау болған күннің өзінде де, тепе-теңдігін  сақтауы күмәнділеу еді.
–  Мен ... мен ханзада ...  Аңғар ханзадамын, – ол тұтығып сөйледі. Бұл сөзді естіген Миа селк ете түсті.  Жанары жалт ете қарады, мына тұрған бейшара өзінің ханзадасы емес екенін көрді. Ол бұрылды да, алға қарай адымдады. Топта тұрған жігіттердің бірі кемаяқты  әдейі  мазақтағандай: 
–  Қанша жерден ханзада болсаң да, қыздар сүйер қылығың жоқ. Көрдің бе, қалай қашып барады? - деп, алыстап бара жатқан Миаға қарай иек қақты. 
Аңғар сайқымазақтың қолын қағып тастады да, қызды қуып жетуге асықты. 
–  Миа! Миа! –  қыздың  соңынан қылқына айқайлады. Бірақ құлағына масаң дауыс естілген  қыз қадамын одан бетер жылдамдата түсті. Айқайшының қуып жеткісі келіп-ақ тұр, бірақ сүрініп кетіп, жүрелей құлады. 
–  Миа! – ол бар даусымен айқайлады.– Жүр менімен! Мен сені өзіммен бірге алып кеткім келеді! Бұл менмін ғой!
Қыз оған мойнын бұра қарап, бетіне үңілді. Бейтаныс жігіттің ұйысқан ашық түсті шашы бетін көлегейлегенімен, жағының сиқын кетіріп тұрған ұзыншақ тыртықты жасыра алмады. Оның кейіпсіз бет-жүзін көрген Миа түршігіп кетті. Мүмкін емес ... Мына ұсқынсыз оның ханзадасы болуы мүмкін емес! 
–  Бұл менмін, – деп ол қолын алға созды. – Мен сұңғыла, әрі айбатты  едім. Енді жай ғана Аңғармын. Алайда,  мен әлі ханзадамын. Сен мені танымай тұрсың ба?
–  Жоқ ... Мен сені білмеймін! – деп айқай салды Миа. – Мен сені бұрын ешқашан да көрген емеспін!
Сол кезде бозбала түсініксіз тілде әндетті. Ән оның сол бір түні алғаш рет естіген әуеніне барынша ұқсас болғанымен, мына кеспірсіз маскүнемнің орындауында мүлде өзгеше әсер етті. Миа қалт тұра қалып, оған қарады: 
–  Жоқ ... Сен Аттала болуың мүмкін емес ...
– Менің сол екенім рас! – мас адам ышқына айқай салды. – Мен саған өзімді қайта көргеніңде танымай қаласың деп айтпап па едім ... 
Миа еңіреген беті үйіне қарай жүгіре жөнелді. Оған теңіз де, ай-қайық та, тіпті ештеңе де қызық емес еді. Ол өзін алданып қалғандай сезінді. Тіпті ол үшін жаңағы мас адамның Аттала туралы көп білетіндігі де бәрібір болатын. Енді ол  осы бір түнді мүлдем естен шығарғысы келген. 
Бірақ ұмыта салу оңай болмады. Ай толыса түскен сайын оның тебіренісі де үдей берді. Әуен санасында жаңғырып, дыбысы да асқақтай түсті. 
Миа ұйықтай алмады. Ай әбден толысқан жап-жарық шеңберге айналды. Қала таңғажайып бір тербелістің құшағында. Алайда, ешқандай би де, көңіл көтеру де, масаң дауыстар да болған жоқ, қала айдың күміс шапағына оранып, әлденені күтіп, діріл қағып тұрғандай ... Осылайша,  түні бойы күтті. 
Содан кейін жауынгерлік кернейлердің  дауысы, қылыштардың шарт-шұрт еткен сартылы, жебелердің сусылдаған ысқырығы естіле бастады. 
Миа күміс сапты көне қылышты қынабынан суырып алып, төсегінен атып  тұрды. Ол өздеріне кімнің соғыс ашқанын және олардан қорғаушылардың бар, әлде жоқ екенін білмейтін еді. Бар білері – ол қол қусырып, үйде отыра алмайды. 
Қала қабырғасына айдың аппақ жарығы төгіліп тұр, көше бойымен қап-қара қан жылыстап ағып жатыр. Мианың көзі тобыр арасындағы күміс сауытты сері-жауынгерге түсті. 
Ол талай майданды бастан кешірген  жауынгерлер сияқты шайқасып жүр. Ерекше  алып тұлғасына  қарамастан, жеңіл қозғалады. Оның қосқаптал жүзі бар қылышының ауырлығы сондай, оны көтеруге үш жігіттің шамасы жетпейтіндей. Ол қылышын сермегенде алты адамды бірден баудай түсірді. 
–  Ал, қане, Күриеле! Қылышыңды аянбай серме! – деп, серіктері дем беріп жүр. Жирен сері шаттана күліп, маңдайындағы тер мен қанды қолымен қайыра сүртіп тастап, шайқасты жалғастыра берді.
Қала қабырғасына күннің таңғы шапағы төгіле бастағанда бәрі де аяқталды. Жау жағы дәл сол сәтте келген жағына қарай қашып, қараңғылыққа сіңіп кетті. 
Әбден әлсіреген Миа таяу тұрған тасқа отыра кетті. Күриелені іздеп, жанарымен жан-жағын шолып еді, ол көзіне түспеді. «Бәлкім, ол жауды жағалауға қарай қуып кеткен болар» деген оймен теңіз жаққа бет алды. Күриеле расымен де теңіз жағасында болып шықты. Ол Мианың өзі Атталаны алғаш рет көрген құмдауыт айлақта жатыр екен. Жауынгердің бет әлпеті мен бүкіл денесі қанға боялған. Оның күміс сауыт-сайманы қақ бөлінген, ал кеудесі мен жүрегінің тас-талқаны шығыпты. 
–  Миа, сен маған ересің бе? – деп сұрады Күриеле, ақырғы рет ауыр дем алып. – Көп ұзамай қайық келеді, осы жерге. 
Миа басын изеді, алайда Күриеле оны қайтадан көре алмады. Ол тек қана жалт-жұлт еткен күміс қайықты байқап қалды.

Аудармашылар: Изабелла Надь, Бэла Коган, Қанат Қайым. Редактор: Ділдар Мамырбаева 


Нұрлан Әбішев: қыз (lány)

Нұрлан Әбішев: жауынгер (harcos)

Айгерим Карибаева: түн (éjszaka)

Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése