Суретші: Тимур Давлетгиреев |
Негізгі сөздер: домбыра, әке, немере (dombra, apa, unoka)
Әжесі тау болып үйілген бір табақ бауырсақты немересінің алдына жылжытты. Майға қуырылған шелпек салынған табақты бетін майлықпен бүркеп, пештің жанына бөлек алып қойды. Бату ыстық бауырсақты ірімшікке қоса асап, соғып алды, бүрген тосабын араластырған шайдан сыңғытты. Әжесі асықпай, кілегейлі сүт қатқан шай ішті. Өзек жалғап алған соң, Бату ойлы жүзбен тосын сұрақ қойды:
– Әже, сенде домбыра бар ма?
Осы бір, былайынша, қарапайым сауалды естігенде, әжесі меңірейіп қалды. Сосын кәсесін үстелге қойды да, таңданыспен немересіне көзін тікті:
– Мұны сұрағаның қызық екен,оның үстіне Наурызға қараған шақта.Бұл – нышан. Есейейін деген екенсің, құлыным, - деген ол, өз ойымен әуре боп, аз-кем үндемей қалды, содан соң орнынан жіті тұрды. – Жүр.
Ескіше жабдықталған әжесінің бөлмесі ала күңгірт: терезесін үнемі дерлік перде тұмшалап тұрады. Мұнда Бату өзін ерекше сезінетін. Бір кезде ол еденге төселген кілемге бетін жабыстырып, ғажайыптарға толы дүниеге жетелейтін шытырман тәріздес жұмбақ өрнектердің үстінен саусағымен жүргізіп жатқанды жақсы көруші еді. Әжесі екі аяғын бүгіп, көзін жұма, кей-кейде әлдене деп күбірлеп, қасында отыратын. Сосын көк тамырлары адырайған қолын созып, жұмсақ алақанын бұның шекесіне тигізетін. Бұл белгі болатын. Сол кезде Бату басын оның тізесіне салатын да, әжесі оның қайратты шашын тарамыштап, тағы да күбірлейтін... Бірақ, соңғы кездері, ересек көрінгісі кеп, Бату бұнда сирек кіретін. Ал, бүлдіршін құсап, әжесінің тізесіне басын қойып жату, тіптен, ойдан шыққан.
Әжесі түрлі түсті тастармен безендірген сырлы сандықтан оюлы жапқышты сыпырып, қақпағын ашты. Бірнеше түйіншекті алып шығып, төсектің үстіне қойды, содан соң ең түбінен бір кез қызыл барқытқа ораулы әлдебір ұзынша затты шығарды. Күрсініп, әлгі затты әрі-бері кеудесіне басып тұрды да, төсекке отырды. Жасаураған көзімен немересіне қарады:
– Құлыным, отыршы.
Қарабарқын бөлмеде орнай қалған тыныштық, әжесі өзінің ең қымбат, естелік бұйымдарын сақтайтын, үнемі құлыптаулы тұратын сандықтың аузы ашылғаны әлдебір сырдың шетін аңғартқандай еді. Ақыры әжесі сөйлеп кетті:
– Қаршадай қыз кезім еді, ол шақта біз ауылда тұратынбыз. Бірде түн ішінде қатты тарсылдан ояндық. Қара былғары күрте киінген жаман адамдар менің әкемді, сенің арғы атаңды іздеп келіпті. Әрқайсысының белінде бір-бір кобура салақтайды. Ол кезде түк түсінбеген едім, тек бір сұмдықтың болғанын сездім. Олар әкеме бірдеңе деді, сосын шкафтарды ашып, үстелдің суырмаларынан қағаздарды еденге лақтырып, кітаптарды, киімімізді сілкіп, жырта бастады, көрпе-жастықтарды сөгіп, бөлмелерде мамық ұшты. Олардың бірі, ең жасы, тіпті, менің ойыншықтарым салынған қорапты төңкеріп тастады. Мен жылап жібердім... Қара адамдардың басшысы әлдене деп жекірді. Әкем үн-түнсіз мені қолына көтерді де, әр кез үйден шығардағы әдетінше, басымды бетіне тигізіп, иіскеді. Сосын мені шешеме беріп, оның бетінен сүйді де, пенжегін жамылып, есікке беттеді. Әлгі жасы ыржалақтап, қабырғадан әкемнің домбырасын алды да, төсектің темір арқалығына бір-ақ ұрды. Жаңқалар еденге шашылды. Оның зәрлі шегір көздері әлі күнге есімнен кетпейді...
Олар кетіп қалды. Сол кезде мен әкемді соңғы рет көріп тұрғанымды ұға қоймаппын. Әкемнің әлгі адамдарды несімен ренжіткенін, неліктен олардың оған сонша өшіккенін де ұға алмадым. Ол мейірбан, көңілді жан еді ғой, ғажайып әндер мен ертегілер шығаратын! Ертегілерді де ол маған әндетіп айтатын, сол кезде домбырасына да жан бітетін: әкем онымен тілдескендей болушы еді.
Шешем егіліп жылады, ал, мен сынған домбыраға қарай бердім, кенет оның ішектері өздігінен арпалысып, еміс-еміс күмбірлеп тұрғандай көрініп кетті. Жалма-жан сынықтарын жинап алып, әкемнің домбырасын шатырдың астына апарып тастадым. Содан кейін қара адамдар шешемді де алып кетті. Оны «халық жауының жары» деді. Содан қайтып оны көрмедім. Ал, мені жетімдер үйіне жіберді.
Ес біліп, етек жапқан соң, туған аулыма бардым, ескі тамымызды тауып алдым. Онда тұрып жатқан бөтен адамдар төбеге шығуыма рұқсат етті. Әкемнің шүберекке ораулы сынған домбырасы бұрышта әлі жатыр екен! Алып, жөндеуге бердім. Әредікте шертіп көрген-сымақ болып жүрдім. Бірақ, онымнан ештеңе шықпады, әкем үйретіп үлгермеді ғой: оны алып кеткенде, мен ес білмеген бала едім. Домбыра осы жылдар бойы сандықта сақтаулы жатты...
Әжесі сәл мүдірді, сосын Батудың басын төсіне басып, ақырын ғана иіскеді.
– Қанішерлер әкемді айдап әкеткен күннен тура алпыс жыл өткенде сен дүниеге келдің.
Сен туатын түні түс көрдім. Ол жап-жас қалпы, күлімсіреп, домбырасын тартып отыр екен, бір кезде маған қарап, бірдеңе деді. Мен тек «Бату!» деген есімді ғана естіп қалдым. Осы атты саған қойғаным да содан. Бату «батыл, батым, бекем, айтқанынан қайтпайтын» дегенді білдіреді. Сен менің әкеме ұқсайтын қайсар, күшті, мейірімді болып өсерсің деп үміттенгенім ғой.
Әжесі барқытты жазып, домбыраны ұсынды.
– Сосын сен күндердің-күнінде арғы атаңның домбырасын сұрарсың деп те үміттенген едім. Енді бұл сенің домбыраң, Бату!
Толқып кеткен Бату, үнсіз әжесінің қолынан домбыраны алып, бөлмесіне қайтып келді. Ештеңені елемей, терезеге тақады да, домбыраны алдына қойып, маңдайын салқын әйнекке тигізді.
«Алтын тостағанды іздеу. Бату мен оның достарының бастан кешкендері» хиқаяттан үзінді.
Аудармашы: Айнаш Садық
Аудармашы: Айнаш Садық
Дина Одесс: домбыра (dombra) |
Nincsenek megjegyzések:
Megjegyzés küldése