Oldalak

2021. január 18., hétfő

Рустем Сауытбай: Сандар әлемінде

Суретші: Аида Аманова

Негізгі сөздер: күшті, бос, шексіз (erős, üres, végtelen)

Сандар әлемінде сандар әрқайсысы өз тірлігімен айналысып өмір сүріп жатады. Тек Нөлдің іші пысып отырады. Іші бос болса да, басына мынадай ой келеді: "Осы мен ешкім емеспін, ештеңе де емеспін. Арамыздағы ең керемет, ең күшті сан қай сан екен? Сол санды тауып, сонымен дос болайын".
Сөйтіп Нөлеш сұрағының жауабын табу үшін жолға шығады. “Өмір бойы босқа отырғанша бір іс тындырайын”,- дейді ішінен. Шынында, Нөл көптен бері түңіліп жүрген еді: айналасы бос, үйі бос, жұмысы жоқ, қолы бос, тіпті ойы да бос еді. Өмірінің мәнін түсінгісі келіп, сапарға аттанады.
Нөл бірінші кезекте Бірдің ауылына аттанады. Ол ауылдың аты “Бірлік” екен. Бірлікте бірыңғай бірлер бірге тұрады екен. Бірлік ауылына таяғанда Нөлештің алдынан бір қақпа шығады. Қақпаның үстінде мынадай бір жазу ілініп тұр екен : «Бірлік - түбі тірлік».
Нөлеш бұл жазуға қарап біраз ойланып қалады. Бұл сөзді ол бос тұрған ақылының бір бұрышына жазып қояды.

Нөлеш қақпадан кіргені де сол еді, сол сәтте бір сандары бірлесіп  қарсы алады. Жұдырықтай жұмылған бірлерді бір-бірінен айыру қиын болды. Араларынан біреуі шығып:
- Не үшін келдің? Бірде біреуіміздің бір минут болсын уақытымыз жоқ. Бос жүргендерді ұнатпаймыз. Не шаруамен келдің? Бірден айт, - дейді.
- Сәлем бердік! Өздерің біртүрлі екенсіңдер. Ешкім болмасақ та, босқа келген жоқпыз. Қонақты былай қарсы ала ма? - деп Нөлеш бір күрсініп қояды да: - Сандардың ең күштісі қай сан екен соны анықтайын деп сапарға шығып едім. Өздерің туралы бір айтып берсеңдер.
Сол кезде шеттегі тұрған біреуі шығып былай дейді:
- Ең күшті сан - 1 саны. Өйткені біз барлық жұмысты бірге істейміз. Үш 1 саны бөлек тұрса, күші 3-ке тең болады, қатар тұрса күші 111-ге тең болады. Бұған қоса, біз күніне бір рет ұйықтаймыз және бір рет тамақ ішеміз. Біздің мағынамыз өте үлкен: Алла біреу, бас біреу, Отан біреу, туған жер біреу, ана тілің біреу.
Бірлер біртіндеп тарай бастайды. Нөлеш Бірлікте бір күн қонақтаған соң, бірлердің арасынан Біржан деген біреу Нөлешпен бірге басқа да сандардың мағынасын білуге аттанады.
Бір қызығы, кейде екеуі бірге жүргенде он санына ұқсап кетеді екен. Жолда жүріп бара жатып, Біржан Нөлешке:
- Мен сенің сол жағынан жүрейін, он есе күштірек көрінейік, - деп қалжыңдап қояды. Бұл сөзді естіген Нөлеште өзіне деген сенім пайда болады.
Нөлеш пен Біржан екілер ауылы Қосшыға жақындап қалғанда, алыстан қақпадағы «Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы» деген жазуды көреді. Екеуі ішке кіріп, маңайға көз салады. Екілер жұп болып қана жүреді екен. Екілер екі-екіден келіп екі қонақтың қасына жинала бастайды. Біраз уақыттан кейін 222 екілік жиналып қалады. Ішенен екі екілік шығып:
- Қош келдіңдер! Екеу болып келгендерің бізді қатты қуантты. Қандай себеппен келіп қалдыңдар? - деп екеуі қосылып сөйлейді.
- Біз ең керемет санды іздеп жүрміз. Сіздер бұл жайлы не ойлайсыздар? - деп үн қатады Біржан.
Сонда басқа бір жұп шығып:
- Біз екілердің мағынасы терең. Барлық заттар жұп болып келеді. Оң-сол, төмен-жоғары, суық-ыстық. Оған қоса, қол екеу, аяқ екеу дегендей. Сондықтан екінің орны ерекше, - деп мақтанышпен сөзін аяқтайды.
Қосшыда екі күн болған соң, оларға Жұпар деген екі қосылып, үшеуі Үштөбе деген үштер ауылына аттанады. Қақпасында «Жас дос, мынаны есіңде сақта: үш арсыз: ұйқы, тамақ, күлкі; үш тәтті:  ананың сүті, баланың тілі, туған жер» деп жазулы тұр екен. Нөлештің қасындағы достары бұл жазуды көріп, ойланып қалады.
Үштер үш қабатты үйде тұрады екен. Үштер оларды үш жақтан қоршап сұрақтарын жаудыра бастайды. Үштер өздерінің керемет өнерлерін көрсетеді. Ең қызығы, екі 3 бір-бірінің қасында теріс қарап тұрса, 8-ге ұқсайды екен. Бұл ынтымақтастықтың еселенген күші  болар. Қонақтар Үштөбеде үш сағат болып тез арада жолға шығып кетеді. Саяхатшыларға үштерден біреуі қосылады. Есімі Үшкір екен, ойы да ұшқыр екен.
Оларға жолда сиқырлы ағаш кездеседі. Ағаш оларға:
- Қайда бара жатырсыңдар? - деп сықырлап сұрайды.
- Біз ең күшті санды іздеп жүрміз. Сен ол білесің бе? – деп сұрайды Жұпар.
Тап сол мезетте төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз және он сандары өздері келіп қалады. Нөлеш тұрып:
- Әркім өз қасиетін түсіндірсе. Біз кімнің керемет екенін аңықтау үшін келдік, - дейді.
Төрт: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, - деді.
Осы сөзден кейін алты саны ашулана бастайды.
Бес: «Бес саусақ бірдей емес», - деді.
Алты: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді»-дейді мақтанып.
Жеті: «Жеті атамды білемін, жеті жұрттың тілін білемін, жігітке жеті өнер де аз...»- деп жатқанда, оны басқа сандар:
- Әй Жеті, жерден жеті қоян тапқандай, сен тым мақтанып кеттің ғой!- деп тоқтатады.
Сегіз: «Мен сегіз қырлы, бір сырлымын», - деді
Тоғыз: «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз», - дейді.
Он: «Бір мен нөл  -менің досым. Онсыз болмайды менің жолым, - депті.
Сонда ағаш:
- Ең күшті санды білу мүмкін емес. Өйткені сандар шексіз. Шексіз болғандықтан бəрін аралап көру мүмкін емес. Əр санның өз ерекшелігі бар, оларды бір-бірімен салыстыру дұрыс болмайды, - деп ойландырып қояды.
Нөлеш:
- Е-е-е, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – барлық сандар керек екен. Одан да барлық санның қасында тұратын, пайдам бәріне де тиетін мен де өзіндік орнымды табайын. «–Ырыс, қайда барасың? -Ынтымаққа барамын. Ынтымақ, ұйымшылдық бар жерде бәрі болады» деген сөз бар еді ғой. Ендеше мен де нөлдік сан ретінде құр қалмайды екенмін. Әлемді сандар билейтініне көзім жетті.Ал сен қалай ойлайсың,  жас дос, сен қандай әлемді танып, білгің келеді?

Редактор: Ақмарал Нұрланқызы


Эстер Собослай: егіз (iker)



 

Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése