Oldalak

2021. január 29., péntek

Панка Лукаш-Киш: Үйір басы – Ай-құртқа

 

Суретші: Қайрат Жәйірбек

Негізгі сөздер: күміс, бөлтірік, жауынгер (ezüst, farkaskölyök, harcos)

Шошып кеттім. Суқаным қашты. Жан-жүрегім бір жайсыздықты сезгендей.  Бір қауіптің жақындағанынан болар, жота жүнім тік тұрды. 
Ырыл! Әкемнің ырылы! Шарасыздықтан шыққан дауыс! Мен дереу жөнелуім керек. Ішкі түйсігім солай деп сездіреді, оған неғұрлым жылдам жеткенім жөн. Қайда баратыным айдан анық. Әкеме! Оның аман екенін көзіммен көрмей тынышталатын емеспін. 
Мұндайда құйындаған жөн. Тез зымырау керек. Барымды салып, бойымдағы бар күшімді сарқып, жүйіткіп келем. Табанымның жерге жұмсақ, әрі жеңіл тигенін өмірде ең алғаш сезінгенім осы болар. Тіршілік ету, тамақ табу үшін тыныш жүру, әрі алабөтен көзге түспеу керек екенін біліп өстім. Бірдеңеге ұрынғанда немесе қуанғанда болмаса, бейберекет ырылдауға да болмайды. Қазір бір сұмдықты сезіп келемін. Заулап келем. Бұтақтар, жапырақтар бұлдырап қалып жатыр. Ну тоғай ішінде ай жарығы себелейді. Менің көзім онсыз да жақсы көреді. Қараңғылық маған ешқашан бөгет болған емес.
 
...Дүниеге келген күні әкем мені өлтіріп қоя жаздады. Желкемді қармаған сояу тісі әлі есімде. Алайда, анам мені қорғап қалды. Мен сонда әкемнің көзінен ашу мен қорқыныштың ұшқынын көрдім. Оның себебінің неде екенін ол кезде біле алмадым. Кейінірек, түнде бәрі шырт ұйқыда жатқанда үйір басшысы – Арлан – әкемнің қарт Құртқа – анама сыбырлағанын естіп қалдым: «Түсі біртүрлі, басқа ұялас күшіктерге ұқсамайды, әрі қайратты, күшті», -  деді, ырылдай үн қатып...
...Түгімнің бұта-бүргендерге ілініп, жұлмаланып қалып жатқанын сезіп келем. Сонда да тоқтамай ызғи бердім. Таяп қалдым... Тоқта! Олардың ырылын естідім. Әкем мен өзге арландардың бір-біріне айбат шегіпі ыр-ыр еткен дауыстары құлағымды тұндырды. Круи деген арланның ырылын мың дауыстың ішінен ажырата алам. Ол дүниедегі ең жек көретін дауысым. Мен ес білгелі бері ол әкемнің үйірдегі орнын тартып алудың сәтін ойластырып жүр. Бұқпалап келем, олар мені байқап қоймауы керек. 
–  Фенрир! Сен кәрісің, әрі әлсізсің! Сенің дәуренің өтті! Өз еркіңмен кет, әйтпесе, өлесің! – деген Круидің зәрлі дауысын естідім. 
–  Жоқ! – Бұл - әкемнің  дауысы. – Сен ежелден менің орнымды алғың келеді, егер үйірбасы болғың келсе, шық жекпе-жекке!
Круидің бұлшық еттерінің шиыршық атқанын аңғардым. Атылуға дайын тұр. Оның денесі ірі, аяқтары да күшті, қайратты. Әкемнің оған қарсыласуға шамасы жетпейтінін сеземін. Бір амал-әрекет жасауым керек. Басқа бөлтіріктерге қарағанда ірірек, күштірек болсам да, әлі жаспын. Жоқ, олай ойлап жасқанбауым керек. Сезімім ширығып, жүрегім кеудемнен атырылып кетердей, қаным басыма тепті. Қарсылас қасқырларды да анық естіп, көріп тұрмын. Круи және оның жақтастары менің әкеме қарсы.               
Бұлар  әкемді алдап үйірден бөліп алған-ау, шамасы. Олардың ортасында жалғыз тұр. Оның тыныс ауыр естіледі. Ол өте ашулы. Дәл менің өзімдей. Бір үйір қасқырдың қарсы алдында тұрғандай Круиді жүзін анық көріп тұрмын. Көзіммен көріп, құлағыммен естіп тұрмын.  Қызу тартысқа кіріп кеткен бөрілер мені байқауға тіпті мұршалары жоқ. 
...Алмас қанжардай топ ортасында жарқ ете қалды. Сом денелі бөрі ағаш арасынан оқша атылды. Оның түгі  ақшуланнан гөрі көлдің күміс суындай жарқырап, азу тісі сояудай ырсиып, көздері ызғарлана шатынайды. Атқып шыққан ол, қарсыластарын  ес жиғызбады. Келсең кел деп тұрған  арланға тұра ұмтылды. Сүйекті сырқыратар арпалыс, ырыл, қышырлаған азу тістер. Біраздан кейін Круи мен оның қорқаулары сүмелеңдеп кетіп бара жатты. 
–  Бұл жерге қайтып келмеңдер! – Бұл күміс түсті Құртқаның бұйрықты даусы.
–  Ай – Құртқа! – Бұл әкемнің дауысы. ... Не боп кетті? Осы сұрақ басымда ызың қақты. Дәл осы сауал әкемнің санасын да осып өтті. Кәдімгі бөлтіріктің өжет әрі батыл бөріге қалай айналғанын көрдім. Ашу мен арпалысым әлі буырқанып тұр. Мен күміс түсті Ай - Құртқамын! 
...Көне аңыздарға ден қойсақ,ол  өзгеге ұқсамайтын ерекше қабілетке ие ерен бір бөріге айналады. Оның күндіз де, түнде де өз ұяластарына қарағанда иісті де, дыбысты да жақсы сезетін, алдын-ала не болатынын болжай алатын ерекше қасиеті де бар. Ол басқалардан әлдеқайда күшті әрі жылдам жортады. Ол күміс түстес, тіпті одан да ақшыл, көз қарықтырардай ашық.

*  *  *

Аңыз екені рас! Оның шындыққа айналғанының куәсі болдым. Мен ыңғайсызданып қалдым. Арлан әкеме қарадым. Ол:
– Бүгіннен бастап үйірбасы сен боласың, Айқұртқа! – деді.

Аудармашылар: Георги Безереди, Ольга Хаягош, Алтыншаш Жақиянова. Редактор: Ділдар Мамырбаева


Қайрат Жәйірбек: қасқыр, бөрі (farkas)

Мелинда Фаркаш-Вайда: қасқыр, бөрі (farkas)

Аги Маул: ай (hold)

Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése