Oldalak

2020. december 6., vasárnap

Толымбек Әбдірайым: Қоңыр қозы

Суретші: Айдарбек Ғазизұлы

Негізгі сөздер: aспан, шөп, қозы (ég, fű, bárány)

Ауыздықпен алысқан асау құнан кішкентай иесіне ырық берер емес. Тәмпіш танау қара бала шаужайлап-ақ келеді. Төңірек тым-тырыс, зеңгір көкте әуелеп ұшқан бозторғайдан өзге тіршілік белгісі білінбейді. Ақселеу мен изені аралас маң дала тоң-торыс. Ауыл үйлері көз ұшында әзер-әзер бұлдырап көрінеді.
Айтқазының құнанға алғаш мінуі. Ағасы Әмірғазы атты ерттеп аттандырар алдында, ұзақ шаппа, құнанның басы қатты және қызбалығы бар деген қайта-қайта тапсырып. Шоқырақтай  желіп келе жатты да, әуестік билеп  тебініп қалғаны сол еді, келесі сәтте екпіндей шауып, зулай түсті кер құнан.  Біраз уақыт басын жіберіп алды да, тізгін тартты.
– Осы да жетер? Тоқтай ғой тентегім!..

Қара бала тізгінді зорға ұстап келеді.  Отар тау бөктерлей жайылуда. Палуан денелі, тақыр бас  Сейілхан аға тортөбел атын отқа жіберіп,   көк шөп үстінде малдас құрып отыр екен.
– Ассалаумағалейкум? – деді бала  атынан түсіп.
– Уағалейкумассалам?  Бәрекелді-і!.. Азамат болды деген осы!.. Малды алғаш бағып жүрген жоқсың. Қойлар жақсы өрістеді, соңыра  қайырарсың.  Көкжайдақтың осы тұсында мал атаулы жабысып жатып алады. Құйқалы өңір, құнарлы шиыр.  Еміп тұр-ау жарықтық.  Ұмытпай тұрғанда айтайын, бір қоңыр қозы жата береді. Көзіңнен таса қылма, қаға берісте қалып қоймасын.
Шопан атына мініп ауылға тартты. Отарға ие болып Айтқазы қалды.
Қалта телефондағы сағат тілі  бесті көрсетіп тұр. «Кешкі сегізге дейін біраз уақыт бар» деп ойлады елегізіп. Сейілхан ағаның мақтау сөзін есіне алды.  Кісіге көп дүниенің керегі жоқ. Көңіл. Сыйластық. Әсіресе балаға...
Қылаусыз ашық аспаннан сызат таппайсыз. Шөп бастарын қозғап самал жел тұрды. Кер құнанның алдыңғы аяқтарына тұсамыс салып, қоя берді. Жайылсын, ұзай қоймас деп көк майсаға жантайған. Зеңгір  аспанға қарап, қиялдап жатқанда көзі ілініп кетіпті. Орнынан атып тұрды. Кер құнан құлағын қайшылады. Тау бөктеріндегі отар көк шөпке кенеше жабысуда. Етек жағы түріліп,  қозғалғанға ұқсайды.
Күн көкжиекке құлапты. Құнанға мініп, шашыраған отарды қоғамдап, ауыл жаққа бағыттағаны сол  еді,  маңыраған  дауыс естіп бұрылса, жалғыз саулық тауға қарай  безіп барады.
– Апыр-ау, бұнысы қалай?!
Атын шаужайлап соңынан жетсе, қалың шөп арасында қоңыр қозы жатыр.   Тұрып алға аттамақ еді, шойнаң етіп  жата кетті.   Қараса,  артқы  аяғы ақсақ. Жаны ашып жерден көтеріп алған. Недәуір жер жүріп еді, қолдары талды. Кішкентай болғанымен, салмағы әжептәуір.
Қозының енесі мұндай балажан болар ма?!. Сес көрсетіп, жер тарпып қояды.  Маңайды қызыл жалқынға бөлеп күн ұясына батып барады.  Қошақанды қалдыруға болмайды. Ит-құсқа жем болуы кәдік.  Өстіп жүргенде отардан көз жазып қалса ше?! Баланың үрейі ұшты.
Осы  кезде көз ұшынан қараңдап салт атты көрінді. Жүрісі екпінді. Кім де болса,  бұны іздеп шыққан  біреу. Жақындағанда бірақ таныды,   Әмірғазы ағасы екен. 


Пирошка Клешиц: aт (ló)

Ассоль Сас: қой (juh)

Вираг Кнейп: көгал (mező)

Рита Миклош: қой (juh)





Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése