Oldalak

2020. december 14., hétfő

Эмөке Варфалви: Інжутізбек

 

Суретші: Аги Маул

Негізгі сөздер: жұлдыз, кешке, інжу (csillag, este, gyöngy)

Гретидің әжесі ішіне алма салып қаусырма нан пісіреді. Ешбір дәмхананың  аспаздары оны дәл осылай қытырлақ әрі жұмсақ етіп пісіре алмайды. Мұндай дәмді қаусырма нанды пісіру тек Гретидің әжесінің ғана қолынан келеді.
Алексаның әжесі ілмек бізбен тоқыма тоқиды. Оның Барби қуыршағына арнап тіккен киімдері өте әдемі. Мен өзімнің қуыршақтарымның барлық заттарын сол киімдерге ойланбастан айырбастар едім. Керек десе Барбидің өзін де бере саламын.
Ал, Неллидің әжесі балабақшадан оны алып кетуге түс қайта кешікпей, дәл кесімді уақытында келеді. Ол тіпті бір минутқа да кешікпейді. Сондықтан Нелли үйіне бәрімізден бұрын қайтады. Сонымен бірге әжесі оның сүйікті кәмпитін ала келуді де ұмытпайды. Кәмпит – кемпірқосақ түсті, ұлу секілді  ширатылған, дәмі қышқылтым мармелад.
Ал менің әжем Гретидің әжесі секілді қаусырма нан пісіре алмайды. Ілмек бізбен тоқыма да тоқымайды. Бар білетіні қолында екі таяқшасы болса  онымен суши жеу ғана. Бірақ әжемде ол да жоқ. Ол бір де бір рет балабақшаға уақтылы келген емес. Дегенмен персеид жауыны деп аталатын  ақпа жұлдыздардың, яғни метеориттердің қашан жауатынын ғана дәл айтатын. Бұл құбылыс болардың алдында біз бір төбенің басына шығып, бұршақ бедерлі суреті бар қоңыр көрпешені жерге жайып, соның үстіне  шалқалай жатып, қызықты сәтті бірге тамашалаймыз. Жалбыз қосылған сусын ішіп, тақта шокаладының шетінен сындырып жеп отырамыз. Бұл қылығымыз анамызға шектен шыққан болып көрінетін де, қатты қапаланатын. Ол жатар алдында тіс жуған соң тәтті жеуді сұмдық бір әбестік деп қабылдайтын.
Менің анам оның бәрін жәй бір қызғаныштан істейтін секілді. Ес білгелі әжем аққан жұлдызды тамашалауға оны емес мені ертіп апаратын. Сол кезде бір бояуы бір бояумен алмасып, бізді ғарышпен жалғастыратын бір ғажап  сәт туатын.
Атам дәл осы кезде ғана бізге хабар жібере алатын. Аспаннан аққан жұлдыздардың ішінде түйілген бір-бір хабар болатын. Әжем оларды маған тез-тез  тәпсірлеп беретін. Әжем мен атам осылай түпсіз терең сағынышпен бір-бірімен хабар алысып тұрғанына көп болыпты. Мен әлі дүниеге келмес бұрын басталған екен. Атам бізді сағынып жүргенін айтыпты. Маған бола уайымдамаңдар, менің бақытым қасымда дейтін. Себебі ол өткен жылы ғана  В-612 деп аталатын кішкентай ғана ғаламшар тауып алыпты. Ол ғаламшар сілемінен бір қой мен раушан гүлі шығыпты. Оған қоса онда ұшақ пен піл де бар екен. Піл сәнді болып көріну үшін мойнына шәлі орнына алып жылан орап, басына төбесі үшкір қалпақ киетін көрінеді. 
Атамның бізге көп хабарлама жібере алмаған кездері де болған.
Әжем атам туралы айтқанда сөзге сараң адам еді дейтін. Мүмкін оның телескопының шаңын бұғының терісімен сүртуді ұмытып кеткендіктен, әжеме ептеп ашуланып қалған болар. 
Мұндайда әжем құлазыған көңілін демеу үшін мойнындағы інжу-маржандарын ермек қылудан шаршамайтын. Мен де кішкентайымнан бірге  ұйықтайтын әжем сыйлаған Лоци есімді қуыршақ итімді құшақтаймын.  Оның сыртқы жапсырма шүберегі тозып, бір аяғы жұлынып та қалған. Ол туралы әжеме айтпадық. Анам оны жымын білдірмей жамап қойған. Ал әжем менің Лоциді әлі де жақсы көретініне қуанатын. 
Әжем өзінің інжу-маржан моншақтарын өте жақсы көретін. Олар шынымен шоқтанып тұратын. Әжем оларды ешқашан мойнынан тастаған емес. Атамның кезінде жүрегін дір еткізген сыйлығы екен. 
Атам егер әжем қаласа аспаннан жұлдыз да алып беретінін айтады екен.  Әжем «алып бер» деп жауап қатқанда, ол қолын шапалақтап, келесі сәтте осы інжу-маржандар алақаныма қонды деп отыратын. Бұл – атамның көзі тірі кезіндегі жарқырап тұрған жұлдыздар. Әжемнің айтуына қарағанда маржандардың әрқайсысы атаммен бірге өткізген ғажайып сәттің куәсі. 
–  Мен жақында атаңның жанына барамын, сол кезде екеуміз саған хабарлама жіберетін боламыз. Сен соған назар аудар, жарай ма? - деді ол өткен жазда.  Мен сол күні қатты мазам кетіп, жаман түс көрген болатынмын. 
Түсімде әжемнің әлгі маржандары кенеттен жұлдызға айналып, әжем де олармен бірге көкке көтерілді. Сол жерде атам әжемді күтіп алып,  құшақтады. Тап біз серуендеуге барғанда әкем анамды құшақтайтыны секілді, құшақтағандай болды да, екеуі үн-түнсіз жұлдыздарға қарай бет алды. 
Келесі күні осы түсімді әжеме айтып берген болатынмын. 
– Бұл маржандар жұлдыздарға қанша ұқсаса да олар секілді қалықтай алмайды. Уайымдама, – деп менің бетімнен сипады. Осылай деуі мұң екен  әжемнің алқасы үзіліп, інжу-маржандары секіріп, жарқырап, жерге шашылып қалды. 
–  Біз оны ертең қайта тізіп шығамыз, – деді ол соңғы маржанды менің төсегімнің астынан тауып алып жатып. Мен сенгенмін. Бірақ біз оны қайта тізе алмадық ...
Келесі күні әжем кенеттен құс жолымен атамның артынан жұлдыздар шоғырына аттанды. Оның інжу-маржандары біз салып қойған кілттелетін қорапшадан табылмады. Мен түкке түсінбей қалдым. Анам да бұған қатты таңырқады.
Осы оқиғадан бір ай өткеннен кейін жаратылыс тану пәнінің мұғалімі Чилла апай ғалымдар ғарыштық телескоптың көмегімен бұрын беймәлім болып келген  жаңа шоқжұлдызды ашқанын  айтты. Олар маржан тізбегіне ұқсайтын алқа тәрізді болғандықтан оны Інжутізбек деп атапты.
Тап-таза аспандағы ерекше жарқырап көрінетін Інжутізбек шоқжұлдызының менің әжем екенін ұқтым. Грета, Алекса және Неллиға ол туралы ештеңе айтпадым. Аспаннан ақ жұлдыздар ақтарылған күні мен дүниедегі ең керемет адам - әжеммен тілдесуге барамын.

Аудармашылар: Вилмош Коппани, Зауре Төрехан, Бабақұмар Хинаят. Редактор: Ділдар Мамырбаева


Кристина Марош: түн (éjszaka)



Nincsenek megjegyzések:

Megjegyzés küldése